Министр ҰБТ-да телефонмен ұсталған талапкерге қандай шара қолданылатынын айтты

0
1 146

Ең бастысы әділдік болуы керек.


Министр ҰБТ-да телефонмен ұсталған талапкерге қандай шара қолданылатынын айтты

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу ережесін бұзған талапкерге қандай шара қолданылатынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың өз ережесі бар. Сол ережеге сәйкес комиссияларымыз жұмыс істейтін болады. Әрине, келеңсіз жағдайларды болдырмай, олардың алдын алуымыз керек. Мәселен, телефон, басқа нәрселер алып кірсе, онда оған тыйым салып, тоқтатуымыз керек. Бірақ, бұл психологиялық ахуалды өзгертпеуі тиіс. Сондай тапсырма беріп отырмыз», - деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, талапкер ұялы телефонмен не басқа да құрылғылармен ұсталса, онда оған тиісті шара қолданылады.

«Ол аудиториядан шығарылады. Өйткені, ең бастысы әділдік болуы керек. Біз балаларға: «Шпаргалка», ұялы телефон алып келсеңдер, онда ең алдымен оны қалай алып кіремін деп қобалжисыңдар. Оны қайда жасыратыныңды ойлап, маза кетеді. Оны аудиторияға алып кіргеннен кейін сыртқа қалай алып шығам деп әлек боласыңдар. Ал бұл тест тапсыруға үлкен кедергі келтіреді» деп айттық. Сондықтан дұрыстап дайындалып келу керек. Емтиханның алдында тынығып, серуендеп алып, кішкене сабыр сақтау қажет. Өйткені 11 жыл оқығанды бір күннің ішінде жаттап алу мүмкін емес», - деді Асхат Аймағанбетов.