Министрлік мектепте смартфон қолдануға тыйым салынады деген қауесетке жауап берді

0
2 202

​Шолпан Каринова ұялы телефондар мен гаджеттерге тыйым салуға қатысты әңгіменің қайдан шыққанын түсіндірді.


Министрлік мектепте смартфон қолдануға тыйым салынады деген қауесетке жауап берді

ERNUR.KZ. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынбағанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Қазіргі кезде әлеуметтік желіде "мектепке телефон әкелуге тыйым салынды" деген ақпарат таралып жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. Бұрынғы ереже қалай болды, солай қалды", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ал бұрынғы ереже бойынша әрбір мектеп өзінің жарғысы, қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитеті шығарған шешімге қарай кейбір заттарды әкелуге шектеу енгізе алады.

"Осы норма бұған дейін болды. Сондықтан жаңа заңда ондай өзгерістер қарастырылмаған", - деп атап өтті Каринова.

Вице-министр ұялы телефондар мен гаджеттерге тыйым салуға қатысты әңгіменің қайдан шыққанын да түсіндірді.

"Бір бұйрықтың жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Ондай құжаттар ылғи жарияланады. Негізгі мақсат – қоғамның пікірін білу. Сондай-ақ, әріптестеріміз – педагогтар да өз ұстанымын айта алады. Ал бұйрықтың жобасы талқылаудан алынғаннан кейін порталға түскен ұсыныстар мен ескертулердің негізінде міндетті түрде түзету енгізіледі", - дейді Каринова.

Білім және ғылым министрлігі мектепте смартфондарға тыйым салу мәселесін жан-жақты зерделеуге мүдделі.