Мобильді вирустық шабуыл саны бойынша Қазақстан әлемде екінші орында

0
1 006

«Касперский зертханасының» бақылауы бойынша, 2018 жылы мобильді қолданушылар киберқылмыскерлердің бұған дейін болмаған тегеурінді шабуылына тап болған.


Мобильді вирустық шабуыл саны бойынша Қазақстан әлемде екінші орында

ERNUR.KZ. «Касперский зертханасы» мобильді вирустардың таралуы бойынша 2018 жылдың қорытынды есебін жариялады. Есепке сәйкес, қазақстандық мобильді қолданушыларға вирустық шабуыл көп жасалған, әлем бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұр, деп жазады BAQ.KZ.

Мұндай зиянды бағдарламалар мобильді құрылғының экранын бұғаттап, қолданушыны түрлі әдіспен қорқытып бопсалайтын көрінеді. Соның ішінде ең көп таралғаны ересектердің жыныстық қатынастағы суретін жіберіп, «тиым салынған материалдарды көрдің» деп айыптайды. Еліміздегі қолданушылардың 0,53% осындай зиянды шабуылдың құрбаны болған. Бірінші орында АҚШ тұр екен, онда қолданушылардың 1,42%-ына осындай шабуыл жасалған.

«Касперский зертханасының» бақылауы бойынша, 2018 жылы мобильді қолданушылар киберқылмыскерлердің бұған дейін болмаған тегеурінді шабуылына тап болған. Зиянды шабуылдардың саны 12 айда екі есеге артып, 117 миллионға жеткен, алайда мобильді платформа үшін ең зияндыларының саны төмендеген. Сарапшылардың түсіндіруінше, зиянкестер зақымдаудың жаңа әдісін қолдана бастаған және бұған дейін тексерілген вирустарды SMS-спамдар арқылы таратуды күшейткен.

Сондай-ақ, өткен жылы әлем бойынша банктік трояндардың таралуы 1,5 есеге артып, жаңа рекорд орнатқан. Бір жыл ішінде бұл вирустар 180 елдің қолданушыларына 1,8 млн рет шабуыл жасаған.

«Мобильді гаджеттердің жылдам таралуы қаскөйлер үшін елдің ақшасын, қымбат мәліметін ұрлауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Гаджеттердің жаңа мүмкіндіктерін олар мүлт жібермейді, өздерінің арам пиғылдарын іске асыруға тырысады. 2018 жылдан бері Asacub сынды банктік торяндар көп таралуда. Биыл одан да зорын көріп қалуымыз мүмкін», - дейді «Касперский зертханасы» антивирусының сарапшысы Виктор Чебышев.

Мобилді құрылғыны кибер қауіптен қорғау үшін «Касперский зертханасы» мынандай қарапайым ережені ұстануға шақырады: пошта мен мессенджерге келген күмәнді сілтемеге өтпеңіз, тіптен оны таныстарыңыз жіберседе, әрдайым маңызды мәліметтердің резервті көшірмесін жасап отырыңыз, қосымшаларды тек ресми дүкендер арқылы орнатыңыз.