Моңғолиядан әкелінген көліктерді жүргізбей қойған шенеуніктер жаппай жазалануы мүмкін

0
1 179

Даулы іспен Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро айналысып жатыр.


Моңғолиядан әкелінген көліктерді жүргізбей қойған шенеуніктер жаппай жазалануы мүмкін

фото:kaz.tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Елімізге Моңғолиядан заңсыз әкелінген көліктерді тәркілеген шенеуніктердің өздері шатылуы мүмкін, деп жазады ktk.kz.

Бас көлік прокуратурасының тексерісінен кейін, Мемлекеттік кіріс комитетінің қызметкерлері мен кеденшілерге қатысты сот алды тергеуі басталды. Даулы іспен Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро айналысып жатыр.

Жазира Нұрлыбекова, ҚР Бас көлік прокуратурасының бірінші орынбасары:

- Бұл көліктер Қазақстанға қалай кірді? Қалайша кедендік рәсімдеуден өткен? Ішкі Істер бөлімі неге тіркеуге алған? Міне, осы сауалдарға енді ұлттық бюроның тергеушілері жауап іздейтін болады. Сонымен қатар кінәлілерді жеке-жеке анықтауы тиіс.

Көлік прокуратурасының талабынан кейін мемлекеттік кіріс комитеті моңғолиялық көліктерді қожайындарына қайтарып берген. Өйткені құзырлы орган мәселенің мән-жайына терең үңілмей асығыс шешім қабылдағаны анықталды. Бірақ автомобильдер иелеріне уақытша ғана қайтарылып отыр. Себебі жүргізушілердің қолындағы кедендік декларация жалған боп шығуы әбден мүмкін. Тергеу кезінде осындай былық әшкереленетін болса, темір тұлпарлардың тұраққа қайта қойылуы ықтимал.

Айта кетейік, баж салығы төленбеген 800-ден астам машина Қазақстанға Моңғолиядан Ресей арқылы кіргізілген. Тіпті бірнеше рет қолдан қолға сатылып кеткендері де бар.