Мұғалімдерге үстемақы төлеудің қаржы-экономикалық есебі дайындалуда

0
1 060

Сыныпқа жетекшілік үшін мұғалімге айына 4 мың теңге қосылады


Мұғалімдерге үстемақы төлеудің қаржы-экономикалық есебі дайындалуда

ERNUR.KZ. ҚР Үкіметі мұғалімдерге үстемақы төлеудің қаржы-экономикалық есебін дайындап жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың берген жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік ұйымдардың қызметшілеріне, оның ішінде мектеп мұғалімдеріне жалақы төлеу мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың азаматтық қызметкерлеріне, жұмысшыларына жалақы төлеу жүйесіне сай жүзеге асырылады.

«2019 жылдың маусымында қабылдануы жоспарланып отырған «Педагогтер мәртебесі туралы» заң жобасында қосымша ынталандырушы үстемақы, сонымен қатар педагог кәсібінің беделін және оның қоғамдағы мәртебесін көтеру бойынша өзге де шаралар қарастырылған. Қазіргі уақытта қосымша ынталандыру үстемақы бойынша қаржылық-экономикалық есеп пен негіздеме дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізілетін болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары ресми сауалда мұғалімдерге дәптер тексергені мен сыныпқа жетекшілік жасағаны үшін төленетін үстемақы көлемі тым төмен екендігін жазған болатын. Мәселен, сыныпқа жетекшілік үшін мұғалімге айына 4 мың теңге қосылады. Бұл ретте, мұғалімге күделік тексеру, түрлі шаралар, сынып сағаттарын өткізу, ата-аналар жиналысын өткізу сынды көптеген міндеттер жүктеледі.