Назарбаев кітапханасы директорының орынбасары қамауға алынды

0
498

Шаймергенов бұған дейін Назарбаев басшылық еткен Қауіпсіздік кеңесінде істеген, Аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарған.


Назарбаев кітапханасы директорының орынбасары қамауға алынды

ERNUR.KZ. Бірқатар ақпарат құралдары экс-президент Назарбаевтың командасына кіретін, Тұңғыш президент кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергеновтың ұсталғаны туралы жазды, деп жазады baq.kz.

Агенттіктің ақпараты бойынша Назарбаев кітапханасының орынбасары өткен жылғы желтоқсан айының ортасында қамауға алынған. Шаймергеновтің ұсталғанын порталға Астанадағы сенімді дереккөз хабарлаған.

"Дереккөздің мәлім еткеніндей Кітапхана қызметкерін арнайы қызмет өкілдері елордада құрықтаған. Онымен бірге әйелі де қамауға алынған. Шаймергеновтің жұбайы сырт елдердің бірін зерттеумен айналысатын институтқа басшылық еткен", – деп жазады ҚазТаг.

Ресми органдар мен Кітапхана тарапынан бұған қатысты қандай да бір түсініктеме берілмеді.

Шаймергенов бұған дейін Назарбаев басшылық еткен Қауіпсіздік кеңесінде істеген, Аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарған. Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық ақпарат комитетіне жетекшілік еткен.

Соңғы жылдары Назарбаев кітапханасының басшылық құрамында болды. Орта Азия мен Қытайды жетік білетін маман деп саналады.

Ақпарат өкілдері оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында Кітапханаға хабарласқанмен ондағылар жауап беруден бас тартқан.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік көшбасшы-реформаторлармен бір қатарда тұр, – деген болатын билік басылымдарына сұхбат берген Шаймерденов.

Оның пайымдауынша Қазақстанды қарыштап даму жолына салған “Назарбаев моделінен” бас тартпау қажет. Тұңғыш президент шетелдік, еуропалық немесе америкалық даму моделін көшіре салмаған.

Әлемдік тәжірибедегі әмбебап қағидаттарды іріктей отырып, ол жолдарды ұлттық контекстке шебер енгізе білген. Жаңғыртудың сәттілігі Тұңғыш Президенттің мемлекеттік басқарудағы моделіне тікелей байланысты…

Сөй деген Шаймерденов Қаңтар қырғынынан кейін біржолата биліктен кеткен экс-президентті Ататүрік, Шарль де Голль, Франклин Рузвельт, M.Мохамад, Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю секілді әйгілі қайраткерлердің қатарына қосқан еді.