Неміс ғалымы қазақстандық алманың ерекше қасиетін анықтады

0
1 652

50 жылдық тәжірибесі бар, Германияның ғалымы жемісімізді «нағыз қазына» деп атаған.


Неміс ғалымы қазақстандық алманың ерекше қасиетін анықтады

ERNUR.KZ. Еуропаның ең ірі клиникасы – «Шарите» қазақстандық алманы зерттеп, оның ерекшеліктерін анықтады, деп жазады 24.kz.

50 жылдық тәжірибесі бар, Германияның жетекші аллергологы Карл-Кристиан Бергманн жемісімізді «нағыз қазына» деп атаған. Оның айтуынша, Германия халқының 16 пайызында тозаңға аллергиясы бар, арасында көбісі алма жей алмайды. Осы мәселеге қатты алаңдаған ғалым ұзақ жылдар бойы шешімін іздепті. Бір күні қолына біздің алма түскен. Бергманн еуропалық алманың түпкі тегі саналатын қазақстандық жемістер аллергия тудырмайтынын анықтады. Құрамында антиоксидант көп және аллергендер өте аз екен. Ғалым зерттеу жүргізіп, аллергиясы бар 100 адам 3 ай бойы осындай алманы жеп жүрген. Зерттеу нәтижесі бәрін таң қалдырды. Тәжірибеден кейін аллергиясы бар адамдар кез келген алманы қабылдайтын болып, тозаң да ауыр әсер етпеген.

Карл-Кристиан Бергманн, аллерголог: – Германияда алмаға аллергиясы бар бір миллионнан астам адам бұл жемістен бас тартқан. Бірақ менде емделіп жүрген бір науқас алманың кейбір түрлерін жей алатынын айтқан. Оның қандай ерекшелігі бар деп таңқалдым. Кейін Қазақстанның алмасының құрамында аллерген өте аз екенін анықтадық. Бұл – ғажап жағдай. Енді біз аллергия тудырмайтын, кез келген ағзаға пайдалы болатын алманың түрін қайта шығаруды мақсат тұтып отырмыз. Қазақстанның осындай алманы өсіріп, экспорттауға керемет мүмкіндігі бар. Елдеріңіздегі ғалымдармен бірлесіп, алманың осы түрін зерттеуге дайынбыз.