Нұр-Сұлтан қаласы іргесінде салынып жатқан жолдардан кемшіліктер анықталды

0
1 195

"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК енді республикалық жолдардың сапасын тексеріп қана қоймай, жергілікті және ауылдық жерлердегі жолдардың, көшелердің де сапасын тексеретін болады.


Нұр-Сұлтан қаласы іргесінде салынып жатқан жолдардан кемшіліктер анықталды

ERNUR.KZ. "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК қоғам белсенділерімен бірге жолдардың сапасын тексеру рейдтерін жалғастырып отыр, деп жазады Zakon.kz.

Бұл жолы алдымен Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Үркер шағын ауданындағы Кенсай көшесі тексерілді. Орталық қызметкерлері жол жамылғысының сынамасын алып, нысан бойынша бірнеше кемшіліктерді анықтады. Олар: асфальттың жоғарғы қабаты талапқа сай келмейтіні, 5 см орынына 4 см төселгені анықталды. Сумен қанығу коэффициенты 4 пайыз орынына 6 пайызга дейін ұлғайғаны анықталып отыр. Бұл өз кезегінде салынған жолды сапасыздыққа жетелейтін жайт. Оның үстіне жолдың тығыздық коэффициенті де талаптан төмен екені байқалды.

Қастек көшесін визуалды тексеру кезінде асфальттың жарылып кеткені, тегіс еместігі көрер көзге көрініп тұрды. Асфальт-бетон қиындысының қабат қалыңдықтары да сәйкес келмеді. Жоғары және төмен қабаттары бойынша тығыздық коэфициенттері де талапқа сай болмай шықты.

Осы нысандар бойынша Бас мердігер ұйым "Құлагер" құрылыс корпорациясы" ЖШС болып табылады, іске асыру мерзімі 2011-2020 жж, нысанның жалпы ұзындығы – 59,7 км, салынатын көшелер саны – 93. Тапсырыс беруші – "Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы" ММ.

Осыған дейін "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК осы көшелерден 30-дан астам сынама үлгілерін зертханада тексеріп, 15 материалдың жобалық талаптарға сәйкес келмейтіндігін анықтады. Бірнеше өрескел ескертулерге тоқталсақ:

1. Асфальт-бетон қоспасын төсеу кезінде төменгі қабаттың беті балшықтан тазартылмаған.

2. Жайлаукөл көшесіндегі үйдің тұсында канализациялық люк асфальт-бетонды қоспамен бітелінген.

3. Миялы және Бекет ата көшелері қиылысындағы жолдың ені 5,35 метрді құрады (құжат бойынша 5,50 м болуы керек)

4. Төменгі қабаттың беті битум эмульсиясымен өңделмеген.

Жол сапасын арттыруға негізделген 6 технологиялық бұзушылықтар мен 15-тен астам материалдардың сәйкессіздігі туралы ескертулер мердігер ұйым мен тапсырыс беруші тарапынан күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.

"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК енді республикалық жолдардың сапасын тексеріп қана қоймай, жергілікті және ауылдық жерлердегі жолдардың, көшелердің де сапасын тексеретін болады. Аталған кәсіпорын, осы жылдың наурыз айында жолдардың сапасын тексеретін аймақтық "Облжолзертханаларын" біріктіру арқылы құрылды.