Нұр-Сұлтанда ғарыш технологияларына бағытталған мектеп құрылысы басталды

0
932

«Tamos Space School» жаңа мектебінің ашылуы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.


Нұр-Сұлтанда ғарыш технологияларына бағытталған мектеп құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Бүгін Ұлттық ғарыш орталығының "Қазақстан ғарыш сапары" Ұлттық компаниясы" АҚ аумағында Tamos Space School жекеменшік мектебі құрылысының басталуына орай алғашқы тасын қалау рәсімі өтті, деп жазады Елорда Инфо.

«Tamos Space School» жаңа мектебінің ашылуы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған. Мектепке алғаш рет қабылдау физика-математикалық бағыты бойынша 0-4 сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Жаңа мектептің құрылтайшылары - Дәурен Қаупынбаев, Бақтияр Бекжанов және малайзиялық «King Development» компаниясы.

«Мектеп құрылысының басталуы білім беру жүйесі үшін өте маңызды оқиға. Елбасының тапсырмасы бойынша білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестікті арттыру және жеке капиталды тарту үшін ел мектептерінде жан басына қаржыландыру енгізіліп жатыр. Жан басына қаржыландыру айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздің ірі қалаларында осындай жобалар іске асырыла бастағаны қуантады. Бұл - мемлекеттік жекеменшік әріптестікті іске асырудың жарқын көрінісі. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Жан басына нормативтік қаржыландыруды енгізу шеңберінде республикада 2018 жылдың қыркүйегінен бастап 47 жаңа жекеменшік мектеп ашылды, оның ішінде ел астанасында - 5. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептер желісін одан әрі кеңейту үрдісі байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазіргі уақытта 18 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.