Нұр-Сұлтандағы жол апаты: Қаза тапқандарға қатысты жаңа деректер шықты

0
1 157

Қаза болған жолаушы отбасының жалғыз асыраушысы болған.


Нұр-Сұлтандағы жол апаты: Қаза тапқандарға қатысты жаңа деректер шықты

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда болған жол апатынан екі адам қаза тапты. Автобус жүргізушісінің артында төрт баласы қалды, ал жолаушы келіншек отбасының жалғыз асыраушысы болған, деп жазады тengrinews.kz.

"Қаза болған Айзат Нұрекенова Қарағанды облысында тұрған. Денесін жеткізуге көмектесеміз. Ол отбасының жалғыз асыраушысы болған, артында кәмелетке толмаған баласы қалды", - деді брифинг барысында "Астана ЛРТ" басшысы Бекмырза Игенбердинов.

"Жүргізуші Оспанов Абай Амангелдіұлы. Оның үйіне барып қайттық, артында төрт баласы қалды", - деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков.

"Астана ЛРТ" басшысының айтуынша, жүргізуші таңғы сағат 06.30-да медициналық тексерістен өткен. Денсаулығына қатысты ешқандай проблема болмаған. 2018 жылдың желтоқсанында жыл сайынғы медициналық тексерістен өткен.


Еске салайық, бүгін, 26 наурызда Қабанбай даңғылы мен Ұлы Дала көшесі қиылысқан тұста жол-көлік оқиғасы бодды. Онда үш автобус пен жеңіл автокөліктер соқтығысқан. Қала маңынан жүретін № 303 автобус №12 бағыттағы қоғамдық көлікті соққан. Кейінірек № 53 автобусқа және жедел жәрдем каретасына соқтығысқан. Кейінірек қаза тапқандар жайлы ақпарат берілді.

"Қазіргі жағдай бойынша 27 адам зардап шекті, екі адам қаза тапты. Олар - 66 жастағы автобус жүргізушісі және 26 жастағы жолаушы қыз", - деген еді елордалық әкімдік өкілдері.