Нұр-Сұлтанның түнгі соты 4 мыңға жуық істі қарады

0
881

«Түнгі соттағы» материалдар кешкі сағат 18.30-дан бастап 22 сағатқа дейін жеделдетілген тәртіппен қаралады.


Нұр-Сұлтанның түнгі соты 4 мыңға жуық істі қарады

ERNUR.KZ. Елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Түнгі сот» жобасы аясында 4 мыңға жуық әкімшілік істі қарады, деп жазады ҚазАқпарат.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, «Түнгі сот» жобасы өткен жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келеді. Оенда қаралған істердің басым көпшілігі жүргізушілердің адамның денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің зақымдануына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты.

«Түнгі сот» 2018 жылдың қазан айының ортасынан бері отбасылық-тұрмыстық құқықтық қатынастар мен көші-қон заңнамасы саласындағы істерді қарай бастады. Тараптар тұрмыстық даулар бойынша әдетте өзара татуласады. «Түнгі соттағы» материалдар кешкі сағат 18.30-дан бастап 22 сағатқа дейін жеделдетілген тәртіппен қаралады. Бұл өз кезегінде өздеріне хаттама жасалған шетел азаматтарына кешікпей әрі басы артық шығын шығармай елден тез кетіп қалуларына мүмкіндік береді.

«Пікірлерге жасалған талдау адамдардың өздерінің сақтандыру төлемдеріне қатысты мәселелерді жедел шешуге ризалықтарын білдіретіндігін көрсетті. Өйткені олар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін үш-бес тәулік аралығында сақтандыру сомаларын ала алады. Мұның өзі азаматтарға материалдық залалды өтеу бойынша әсерлі көмек болып табылады», делінген хабарламада.