Нұрлан Нығматулин: Полицейдің алатаяғы хирургтің пышағындай маңызды

0
720

Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін алатаяқты қайта қолдануға көшті.


Нұрлан Нығматулин: Полицейдің алатаяғы хирургтің пышағындай маңызды

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин жол полициясы қызметкерлеріне алатаяқтың қайтарылуы туралы әзілдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Армения Үкіметтері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдағы ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауда Мәжіліс Төрағасы Ішкі істер министрінен қазақстандық тараптың шығындарын өтеу туралы сұрақ қойды.

«Төтенше жағдайда көмектесу үшін алғашқы үш тәулікте қазақстандық құтқару жасағы өз қаражатын жұмсайды. Яғни, үш тәулікке жетерлік азық-түлік, шатыр, төсек-орын, жабдықтар беріледі. Одан кейінгі күндер үшін көмек сұраған мемлекет барлық қауіп-қатер сейілгенше қаржыландыруы тиіс», - деп жауап берді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин алғашқы тәуліктер шығынын үкіметтік комиссия өтетінін атап өтті.

«Кейінірек үкіметтік комиссия шешімімен барлық шығындарыңыз өтеледі. Тағы да Ішкі істер министрлігінің есебі түгел. Оларға қазір қаражат басқа нәрсеге керек. Алаяқты қайтарып берді ғой. Бұл дұрыс. Хирургке қандауыры (скальпель) қандай маңызды болса, полицей үшін де алатаяқ маңызды», - деді Мәжіліс төрағасы.

Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін алатаяқты қайта қолдануға көшеді. Енді полицейдің үстінде сары түсті кеудеше, жарық шағылыстырғыш қолғап, сондай-ақ алатаяқ, және ысқырғыш болады.