Нью-Йорктегі даңқ қабырғасында Димаштың суреті пайда болды

0
796

19 мың адам сиятын аңызға айналған Barclays Arena стадионында отандасымыз 2019 жылдың 10 желтоқсанда жеке концертін өткізген.


Нью-Йорктегі даңқ қабырғасында Димаштың суреті пайда болды

ERNUR.KZ. Нью-Йорктегі Barclays Arena-ның жұлдыздар галереясында Димаш Құдайбергеннің суреті пайда болды, деп жазады sputniknews.kz.

"Арнау туры" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған концертте қазақстандық әнші фотоға түскен. 19 мың адам сиятын аты аңызға айналған стадионда көрермендерге орын жетпей қалған еді, - деп хабарлайды әншінің ресми сайты.

Осы кезге дейін Barclays Arena стадионындағы жұлдыздар галереясында әр жылдары Beyonce, Elton John, Justin Timberlake, Rihanna сияқты танымал өнер жұлдыздарының суреті болған.

Айта кетейік, Barclays Center Arena 2012 жылы Нью-Йоркте ашылған. Бұл жер "Бруклин Нетс" баскетбол командасы мен "Нью-Йорк Айлендерс" хоккей командасының "меншікті алаңы" ретінде әйгілі. Сонымен қатар, мұнда әлем жұртшылығының назарын аударатын сан түрлі спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Ең алғаш рет Barclays Arena қабырғасында танымал хип-хоп орындаушы Jay-Z суреті бейнеленген.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, ресейлік кәсіпкер Михаил Прохоров 2009-2015 жылдары Barclays Arena-ны шамамен 1,5 миллиард долларға сатып алған. Ал 2019 жылы ол "Бруклин Нетс" командасымен қоса аренаны қытайлық миллиардер Джозеф Цайға шамамен 2,35 миллиард долларға сатып жіберген.