Облыс әкімі Тоқаевтың сынына жауап берді

0
735

​Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар облыста коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын мәлім еткен.


Облыс әкімі Тоқаевтың сынына жауап берді

ERNUR.KZ. Ақмола облысында коронавирус жұқтырған 100 науқас жалпы статистикаға енбей қалған. Бұл туралы өңір басшысы Ермек Маржықпаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Президенттің сыны орынды. Шындығына келсек, біздің облыстық санитарлық-эпидемиялық қызметте небәрі 12 адам істейді. Жаппай ауру деректері болған кезде, біз мәліметтерді өңдеп үлгере алмай жатамыз. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар бар. Жалпы статистикаға 100 науқас енбей қалды. Қазір бәрі дұрысталды", - деді Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Ол қазір Ақмола облысы "қызыл" аймақта тұрғанын еске салды. Айтуынша, коронавирус жұқтырғандар саны 4 950 адамға жеткен, күндізгі өсім – 65-70 адам. Әкімнің ойынша, бұл көрші өңірлерден халықтың көптеп келуімен байланысты.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 7 қарашадан бастап Көкшетаудың айналасына санитарлық бекеттер қойылды. Ал 23 қарашадан карантин күшейтілді.

Еске салсақ, жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар облыста коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын мәлім етті. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр.