​"Өлуге де дайынмын": Қайғы жұтқан ата-ана полицейлерге қабірді аштырмайтынын айтты

0
857

Өйткені әлі топырағы кеппеген марқұмның мәйітін полицейлер қайта қазып алып, сараптама жүргізетінін айтыпты.


​

Алматы облысында 5 қаңтар күні тапа-тал түсте оқ тиіп қаза болған 21 жастағы Олжас Әлімжанұлының денесін жақындары мәйітханадан алып, арулап көмген. Ал 20 қаңтарда онсыз да ұлдарынан айырылып, қайғы жұтып отырған Олжастың ата-анасы жайсыз хабар естіп, есеңгіреп қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ. "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Өйткені әлі топырағы кеппеген марқұмның мәйітін полицейлер қайта қазып алып, сараптама жүргізетінін айтыпты. Олжастың денесін аларда мәйітханадағылар мүрдені тексеріп, өз қолдарымен тапсырды деген марқұмның әкесі "баламның қабірін қазғызбаймын" деп отыр.

Олжас Әлімжанұлы 5 қаңтар күні түскі сағат 2-лер шамасында "жұмысқа барып келемін" деп кеткен. Ол "Алтын Орда" базарындағы дүңгіршектердің бірінде ұялы телефонның бөлшектерін сатумен айналысқан. Бірақ көп ұзамай ата-анасына Олжасқа оқ тиіп, ауруханаға түскендігі жөнінде хабар жеткен.

Жақындарының айтуынша, оқ Олжастың жамбасына тиген. Алайда оған нақты кімнің және қай жерде қару атқанын білмейміз дейді.

"Енді бұлардың мәйітті ашамыз дегеніне 100 пайыз қарсымыз. Бәріне дайынмын. Өлуге де бармын. Ешқашан аштырмаймын", - дейді марқұмның әкесі Әлімжан Сәбенұлы.

Марқұмның әкесі баласын Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір ауылына жерлейтінін ауыл әкіміне де, дәрігерге де ескерткендерін айтады. Мәйітханада мүрдені тексеріп өздері қолымызға берді дейді. Ал марқұмның жақындарына өзі келген Жамбыл аудандық полициясының бастығы Айдар Омаров мүрдені қазып, сараптама жасаймыз дейді.

"Сіздердің рұқсаттарыңыз керек. Бізде аудандық соттың қаулысы бар. Ертең бәрібір сұрақ туындайды. Күдікті адамды ұстау керек қой. Бізге толық құжат керек", - деп түсіндірді Жамбыл аудандық полиция басқармасының бастығы Айдар Омаров.

Олжас бір үйдің жалғыз ұлы екен. Артынан ерген қарындасы ғана бар. Ал облыстық полиция департаменті мәйітке сараптама жасалмаған, қаза тапқан азаматтың қайтыс болу себебін анықтау үшін эксгумация қажет дейді.