​Оңтүстік Кореяда құжатсыз жүрген қазақстандықтар айыппұлсыз елге қайта алады (видео)

0
2 702

Оңтүстік Корея аумағындағы заңсыз еңбек мигранттары елдеріне ешқандай айыппұлсыз қайта алады. Шара мерзімі – 6 ай. Ал бұл – жырақта жүрген жерлестеріміз үшін зор мүмкіндік.


​Оңтүстік Кореяда құжатсыз жүрген қазақстандықтар айыппұлсыз елге қайта алады (видео)

сурет:elana.kz

ERNUR.KZ. Соңғы жылдары түрлі себеппен Оңтүстік Кореяға кетіп жатқан қазақстандықтардың саны күрт өсті, деп жазады 24.kz.


Бұл елде нәпақа табуды көздеген жерлестеріміздің саны емделуге және саяхаттауға барғандармен салыстырғанда анағұрлым көп. Былтыр 46 мың адам аталған мемлекетті бетке алса, 2018 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 39 мыңға жетіп отыр.

Аруна Жәнібек – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жүрген қазақ қыздарының бірі. Құрбысының шақыруымен мамыр айында келіпті. Мамандығы – шығыстанушы. Қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерінде еркін сөйлейді. Қазір Сеул пластикалық емханасында үйлестіруші қызметін атқарады. Айтуынша, Оңтүстік Кореяда табысты еңбек ету үшін тіл білу және жылдам жұмыс істеу аса маңызды.

Аруна Жәнібек, Сеул пластикалық хирургия емханасының үйлестірушісі:

- Маман ретінде тілді жоғары деңгейде меңгергендіктен қазір Кореяда жұмыс істеу маған тиімді. Оның үстіне жақсы жалақы төлеп отырған соң болашағымды осы жерден көріп отырмын. Егер болашақта білім алу керек болса, жаңа мамандық меңгеру керек болса, Қазақстанға қайта ораламын.

Ал алматылық Серғалым Кейков Оңтүстік Кореяға осыдан үш жыл бұрын барыпты. Елде жүргенде көлік сатумен айналысқан ол жат жерде де сол кәсіптен алыстамаған. Машина құрастыру зауытында жарты жыл еңбек етіп, тиісті қаражатқа қол жеткізген соң Қазақстанға қайтыпты.

Серғалым Кейков, қала тұрғыны:

- Жалақысының айырмашылығы бізден көп қой. Күніне 70 доллардан төлеп жүрді. Айына 2000-2500 доллар шығып жүрді. Серғалымның айтуынша, ол кезде, яғни 3 жыл бұрын Кореяда қаракөздеріміздің саны аз болыпты. Ал қазіргі статистика еріксіз назар аудартады.

Мәселен, 2016 жылы 35 мың Қазақстан азаматы аталған мемлекетті бетке алса, былтыр бұл көрсеткіш 46 мыңға жеткен. Ал биыл 8 айдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Кореяда жүрген жерлестеріміздің саны 39 мыңға жуықтапты. Ескеретін жайт, жыл әлі аяқталған жоқ.

Исатай Минуаров, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Қазақстандықтар көбінесе қызмет көрсету саласында. Және жоғары кәсіби квалификацияны қажет етпейтін салаларда қызмет атқарады. Оңтүстік Кореяда қызмет көрсету саласындағы орташа жалақы көлемі 2 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда сіз ондай жалақыны алмайсыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтары жайлы жұмыс үшін көбіне Еуропа елдері мен АҚШ-қа аттанатын. Енді бұл тізімге Оңтүстік Корея қосылды. Интернетке үңілсеңіз, жалақысы 1 миллион теңгеге дейін жететін қызмет түрлерінен көз сүрінеді. Тек төл құжатыңызды қамдап, қара жұмыстан тартынбасаңыз болғаны.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде сіз үшін бар құжатыңызды түгендеп, рәсімдеп беретін жеке компаниялар да бар. Солардың бірнешеуіне хабарласып көрдік, алайда олар қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында келісімшарт бар. 30 күнге дейін визасыз екі елдің азаматтары бір-біріне бара береді. Соңғы жылдары Корея тарапына ұшатын қазақстандықтар көбейіп кетті. Олар 3 себеппен барады: біріншісі – емделу, Кореяның медицинасын білесіздер. Екіншісі турист ретінде, үшіншісі, өкінішке қарай, жұмыс.

Қазір Кореяда 39 мың Қазақстан азаматы жүрсе, оның 12 мыңға жуығының құжаты түгел емес. Қолға түскен жағдайда, оларға 7 миллион теңге шамасында айыппұл салынуы мүмкін. Жақында жергілікті билік «жасыл дәліз» деп аталатын режим жариялады. Соған сай Оңтүстік Корея аумағындағы заңсыз еңбек мигранттары елдеріне ешқандай айыппұлсыз қайта алады. Шара мерзімі – 6 ай. Ал бұл – жырақта жүрген жерлестеріміз үшін зор мүмкіндік.