​Оралдағы тері өңдеу зауыты шикізат тапшылығын бастан кешіріп отыр

0
2 968

Оралдағы тері өңдеу зауыты былтыр ғана ашылды. Мұнда тәулігіне 2 мың жарым дана қой, 750 сиыр терісі өңделуі тиіс еді.


​Оралдағы тері өңдеу зауыты шикізат тапшылығын бастан кешіріп отыр

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 19 ақпандағы бұйрығына сәйкес ел аумағынан қағаз қалдықтары мен картонды, макулатураны шетелге шығаруға 2 жылға, ал сиыр терісін шекара асыруға 6 айға тыйым салынды, деп жазады 24.kz.

Мақсат - осы іспен айналысатын кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтып, жұмысын жандандыру. Дегенмен, бұл тұрғыда түйткілді мәселелер де жоқ емес.

Оралдағы тері өңдеу зауыты былтыр ғана ашылды. Мұнда тәулігіне 2 мың жарым дана қой, 750 сиыр терісі өңделуі тиіс еді. Арнайы цехта күніне мың жұп аяқ киім тігу жоспарланған болатын. Бірақ кәсіпорынның жобалық қуатына шығар түрі көрінбейді. Себебі шикізат тапшы. Жеке тұрғындардың ауласында сойылған малдың терісі сапасыз, ал арнайы ет комбинаттарынан шыққан тері шекара асып жатыр. Сол себепті шикі теріні әкетуге тыйым салынуы зауыт басшылығының көңілінен шығыпты.

Димаш Нұрғалиев, тері өңдеу зауытының коммерциялық директоры:

- Бізде қазір шикі теріні Қытай мен Қырғызстаннан, Ресейден келіп әкетіп жатыр. Олар сапасына да қарамастан үлкен партиялармен көтеріп алатындықтан, бізге бәсекелесу оңай болған жоқ. Бұл тұрғыда шикі теріні шетке шығаруға тыйым салынуы, отандық өндіріске қолдау деп санаймын.

Ал қағаз қалдықтарын қабылдап, жинап, тапсырушы кәсіпкерлер керісінше жаңа бұйрықтың бір қайнауы ішінде деп санайды. Өйткені, олар бұрын макулатураны іргедегі Самараға, әрі кеткенде Қазан қаласына таситын. Енді айтуларынша Алматыға немесе Лисаковск қаласына жеткізуге тура келеді. Себебі облыста, тіпті батыс өңірде қағаз қалдықтарын өңдеуші бірде-бір ірі өндіріс орыны жоқ.

Павел Борисов, кәсіпкер:

- 250 шақырым жерге жеткізген жеңіл ме, 2 мың жарым шақырымға апарған жеңіл ме? Вагон жалдасақ 500-600 мың алады Алматыға. Жүк көліктері де арзан емес. Шығынға батып жұмыс істемейтін шығармыз. Сонда ертең ешкім бұл іспен айналыспайды. Қағаз шашылып, экологиялық проблемаға айналуы да мүмкін.

Бұл мәселе кәсіпкерлердіңқұқын қорғаушы ұйымдарға да жақсы таныс. Эльмира Өтешева, кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- ҚР аумағында 9 зауыт бар екен, осы қағаз қалдықтарын өндіріп, өңдеумен айналысатын. Сол зауыттар қазір шикізатсыз қалып тұр. Біздің кәсіпкерлерге кішкене қиындау болады логистика бойынша, тауарды апару бойынша кішкене қаржылық шығындар болады деп есептеймін.

Кәсіпкерлер тығырықтан шығудың бірден-бір жолы қағаз қалдықтарын өзімізде өңдеу деп санайды. Алайда, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында қоқыс өңдеу зауытын салу жайы әзірге қағаз бетінде ғана қалып тұр.