Оралдық зейнеткер өмірде бар екенін дәлелдеп, зейнетақысын алды

0
2 479

​Ол он жылдан бері «қайтыс болғандар» есебінде тұрған. Орал қаласының 71 жастағы тұрғыны 2011 жылдан бері «қайтыс болғандар» санатында жүріпті.


Оралдық зейнеткер өмірде бар екенін дәлелдеп, зейнетақысын алды

ERNUR.KZ. Қазіргі күні ол өмірде бар екенін дәлелдеп, тоқтап қалған зейнетақысын қолына алды. Ал мұндай қателікке жол берген тұлғалар анықталып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

1950 жылы туған Мәнсия Жақыпова тірілер тізімінде жоқ екенін ақпан айының зейнетақысы келмей қалғанда бір-ақ біледі. Айтуынша, 1996 жылы Казталов ауданынан сол кезде беріліп тұрған жеңілдікті пайдаланып, зейнеткерлікке шыққан. Одан кейін Орал қаласына келіп тұрады. Ал осыдан он жыл бұрын әйелді «қайтыс болған азаматтар» қатарына тіркеген. Одан бері зейнетақы алмағандықтан несиесін төлей алмаған әйелді банк қызметкерлері зейнетақы төлеу жөніндегі орталыққа, ол жерден миграциялық қызметке жібереді. Осылайша, бір мекемеден екіншісіне жүгірген әйел ақыры өзінің өмірде бар екенін дәлелдеп, деректер базасына түзету енгізілген.


«Біздің деректер базамыз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР ІІМ, ҚР Білім және ғылым министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың көптеген ақпараттық жүйелерімен біріктірілген, бұл зейнетақы және жәрдемақы алатын адамдардың өміріндегі қандай да бір жағдайлар туралы ақпаратты уақтылы алу үшін жасалған. Себебі, адамдар елден кететін, қайтыс болатын, басқа да жағдайлар жөнінде тікелей бізге хабарламайды», - деген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Қожумов болған жайға өздерінің қатысы жоғын айтады.


Қазір Мәнсия Жақыпова бұл іске қатысы бар органдарға ешқандай шағымы жоғын айтып мәлімдеп отыр. Соған қарамастан, қызметтік тексеру жүріп жатыр. Белгілі болғандай, «компьютердің кінәсінен» көзі тірі зейнеткердің «көз жұмған» дерегі облыста бұған дейін де кездескен.