​Өскеменде Археология және Алтай мәдени мұрасының музейі ашылды

0
1 976

Осынау мұржайды ашу үшін университет ұжымы жылдан астам уақыт дайындалған көрінеді.


​Өскеменде Археология және Алтай мәдени мұрасының музейі ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Археология және Алтайдың мәдени мұрасы мұражайы мен университеттің тарихи мұражайы ашылды. Мұражайдың салтанатты ашылуына архолог ғалым Зейнолла Самашев пен Астанадағы Ұлттық мұражайдың директоры Жәкен Таймағамбетов қатысты, деп жазады Алтайньюс.

Университетімізде ашылып отырған бұл мұражай Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сай келіп отыр. Мақалада Елбасымыз тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жеті бағытты анықтап, жұмыс істеуді тапсырған болатын. Соның бірі – қола дәуіріндегі қазақ халқының ежелгі металлургиясы мен өнерінің дамуына байланысты. Елбасы бұл мақаласында аң стилі, жылқыны қолға үйрету, алтын адамға байланысты барлық жәдігерлерді жинастырып музей ашу туралы тапсырма берді. Осы орайда университет басшысы Мұхтар Төлегенұлы оқу орны базасында осындай «Алтайдың археологиясы және мәдени мұрасы» атты мұражайды ашып отыр. Мұражайдың ашылу салтанатына еліміздің бетке ұстар ғалымдары Жәкен Қожахметұлы мен Зейнолла Самашұлы қатысып отыр. Бірі полеолит дәуірінің үлкен маманы болса, екіншісі Шығыс Қазақстанның археологиялық экспедициясының жетекшісі. Мұражайдың ашылуы құтты болсын. Бұл мұражай университетіміздің білімгерлеріне танымдық әрі тағылымдық мағынасы зор орынға айналады деген сенімдемін, – деді ол.

Бұдан кейін сөз кезегін алған Жәкен Таймағамбетов те университет студенттері мен оқытушыларын осынау бірегей мұражайдың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Әріптестерімнің өзінің туған өлкесінің тарихына үлкен мән беруі мені ерекше қуанышқа бөлейді. Мұражай әзірге кішкентай ғана болғанымен, өте жинақы, мұнда археологияның барлық кезеңдері қамтылған, – деген ғалым болашақта университет мұражайының әлі де тың жәдігерлермен толығатынына сенім білдірді.

Археолог ғалым З.Самашев қазақ даласы, оның ішінде кенді Алтай өңірі ежелгі металлургия мен тау-кен өндірісінің орталығы болғанын ерекше атап айтты. Кезінде археолог С.Черников те Шығыс Қазақстан аймағын бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ең бір қола құю өнері дамыған өңір ретінде сипаттап, ерекше атап айтқан көрінеді. Ғалым өз сөзінде мұражайда қойылған жәдігерлердің денін негізінен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері тапқан жәдігерлер құрайтынын да астын сызып айтты.

Жалпы, осынау мұржайды ашу үшін университет ұжымы жылдан астам уақыт дайындалған көрінеді. Сондай-ақ, осы университеттің өткені мен бүгініне арналған тарихи мұражай ашылды.