"Отандастар" Павлодар әкімшілігімен күш біріктіреді

0
1 596

Облыстық «Ана тілі» орталығында шетел қазақтарын оқыту курсы басталады.


"Отандастар" қоры мен Павлодар облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тараптар шетелде тұратын қандастарға және Атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға келісті.

Екі жақты келісім құжатына қол қою шарасына «Отандастар» Қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалы төрағасы Болат Зауыт қатысты.

Өз сөзінде «Отандастар» Қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қордың мақсат-міндеттері жайлы айтып, жоспарларымен бөлісті.

"Біздің отандастарымыздың көбі Қазақстанмен шекаралас аумақтардатұратынын ескере отырып, қазақ диаспорасын қолдау мақсатында Қор облыстық әкімдіктермен тығыз ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл, өз кезегінде, ерекше маңызға ие. Бүгінде «Отандастар» Қоры түрлі бағыттар бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Олар білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар және т.б. салаларды қамтиды. Сондай-ақ, Қордың басты міндеттерінің бірі тарихи Отанына оралған қандастардың елде бейімделуі барысында оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық және консультациялық көмек көрсетіп, олардың жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қолдау болып табылады», - деді Әлия Сапабекқызы.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, облыстық «Ана тілі» орталығында шетел қазақтарын оқыту курсы басталады. Оған Ресейдің Нобосібір, Омбы және Алтай өлкесінің тіл мамандары шақырылған.

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында "Отандастар" қорының өкілдері Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығына барып, ондағы жағдаймен танысып қайтты.