Отын-энергетика кешенінің қуатын жедел жаңғырту қажет – А.Мамин

0
552

Экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – мұнай-газ химиясын дамыту.


Отын-энергетика кешенінің қуатын жедел жаңғырту қажет – А.Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның энергетика саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларын дамытуға үлкен мән берілген.

2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрайды. Саланы одан әрі дамыту үшін бүгінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында капиталды қажет ететін жобалар іске асырылуда, жақын арада Қаламқас теңіз және Хазар теңіз жобаларын әзірлеу жоспарда бар. Бұл жобалардың жалпы құны $51 млрд-тан асады.

Елді газдандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл шамамен 52 млрд теңге сомасына 140-тан астам жоба іске асырылды, 1,8 мың км-ге жуық желі салынды. Халықтың газбен қамтамасыз етілуі бүгінгі таңда 10 млн-нан астам адамды (55,4%) құрайды.

Экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – мұнай-газ химиясын дамыту. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта салада жалпы сомасы $11 млрд астам полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіру бойынша ірі жобалар іске асырылуда.

Бүгінгі таңда елдің негізгі энергия өндірісі көмір генерациясы есебінен жүзеге асырылуда (70%). Жаңартылатын энергия көздерінің 134 объектісінен электр энергиясын өндіру 3,3%-ды құрайды, генерацияның жалпы көлеміндегі оның үлесін 2030 жылы 15%-ға дейін арттыру көзделген.

«Қазақстанның энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел жаңғырту және отын-энергетикалық кешеннің жаңа қуаттарын салу қажет», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі өзектендірілген тұжырымдамасын қабылдауды, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері бойынша кешенді шешім әзірлеуді тапсырды.

Үкімет басшысы жаңа электр станцияларын жаңғырту мен салуды қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді, мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуді және «жасыл энергетиканы» дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.