Өзінің 5 жасар туған қызын өлтірді деп күдікке ілінген келіншек ұсталды

0
1 179

Дәрігерлер қыз баланы қолдарынан келгенше тірілтіп алмақ болған.


Өзінің 5 жасар туған қызын өлтірді деп күдікке ілінген келіншек ұсталды

ERNUR.KZ. Оралда әйел 5 жасар қызын өлтірді деп күдіктелуде, деп жазады sn.kz.

Бес жасар Айару 12 желтоқсан күні қайтыс болған. Әжесі қыздың бір апта бойы ауырып, мектепке бармағанын айтады.

«Үйде ем-дом жасадық. Содан кейін оның жағдайы жақсарып, бір күн мектепке барып келді. Сол күні таңертең мен жұмысқа кетіп қалдым. Ал қызым немереммен үйде қалды. Біраздан соң маған хабараласып, Айарудың денсаулығы нашарлап кеткенін айтты. Бірден такси ұстап, үйге келдім. Жолда қызыма оған массаж жасауын сұрадым. Бірақ, мен келгенше Айару қайтыс болып кетті», — дейді әжесі Әсемгүл.

Оның айтуынша, дәрігерлер немересін қолдарынан келгенше тірілтіп алмақ болған. Алайда, одан ешнәрсе өзгермеген.

«Полиция келіп тексеру жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп қызды тұншықтырғанын айтты. Енді анасы күдікті боп отыр. Қазір ол қаладағы бөлімшеде. Менің қызым ондайға бармайды, бұған еш сенбеймін. Айару осыған дейін ауырып жүрген бала ғой. Мүмкін, тынысы тоқтап қалған шығар. Қанына қақалып та қалуы мүмкін. Немеремнің әкесі жоқ. Қызым Айаруды өзі үшін туып алған болатын. Мен оны сәби кезінен өзім өсірдім, бақтым», – дейді қайтыс болған қыздың әжесі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 12 желтоқсан күні сағат 10:46 шамасында жедел жәрдем станциясына хабарлама келіп түскенін растады.

«Баланың тынысы тарылған. Ол жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кеткен», — дейді басқармадағылар.

Сондай-ақ, БҚО Полиция департаменті 12 желтоқсан күні 5 жасар қыздың мәйіті табылғанын растады. Болған жайт негізінде «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.