Парламент 2020 жылға дейінгі бюджетті бекітті

0
1 149

Биылғы түсім 8 трлн теңгеден асқан


Парламент 2020 жылға дейінгі бюджетті бекітті

ERNUR.KZ. Сенат алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджетті бекітті, деп жазады 24.kz.

Биылғы түсім 8 трлн теңгеден асқан. Қазынадағы қаражаттың дені жаңадан облыс болып құрылған Түркістан өңірін түрлендіруге жұмсалмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу көзделіп отыр. Одан бөлек Елбасының биылғы жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға да қомақты қаражат қарастырылыпты. Аталған ақша табысы төмен қызметкерлердің айлық ақысын көбейтуге, әлеуметтік сала мамандарының тұрмыстық әлеуетін арттыруға жұмсалады.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі: - Түсімдер 8 трлн 772,3 млрд теңгені құрайды, ол бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 млрд теңгеге жоғары. Шығыстар да 12,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 9 трлн 655,6 млрд теңгені қамтыды. Бюджет тапшылығы мен мұнайлы емес тапшылық өзгеріссіз қалады. Отырыста өзге де салалардың назарсыз қалмайтыны белгілі болды. Мәселен, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін 9,8 млрд теңгені білім беруге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғын үй салуға бағыттау жоспарланып отыр. Осы тұста әскери қызметкерлерді баспанамен қамтуға ел қазынасынан 9,2 млрд теңге қарастырылған. Қаржы нарығындағы ахуалды Ұлттық банк төрағасы жіпке тізді.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: - 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында инфляция 3,3 пайыз болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, биылғы жылы инфляция 5-7 пайыз мақсатты дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6 пайызды құратын жаңа төмен мақсаттық дәліздің жоғары шекарасында қалыптасуы керек.