Парламент Мәжілісі сот орындаушыларына қатысты заң жобасын мақұлдады

0
1 146

Заң жобасы атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге және атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату саласында қалыптасып отырған қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.


Парламент Мәжілісі сот орындаушыларына қатысты заң жобасын мақұлдады

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп жазады ҚазАқпарат.

Заң жобасы атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге және атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату саласында қалыптасып отырған қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

«Заң жобасын әзірлеу кезінде тиісті мақсаттарды алға қойдық. Біріншіден, құжаттардың орындалу тиімділігін, сапасы мен уақытылығын арттыру. Екіншіден, кемшіліктерді жою әрі атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтарын бұзуға жол бермеу. Осыған орай салалық заң мен заңға тәуелді актілерге кешенді талдау жүргіздік», - деді депутат Асылбек Смағұлов.

Заң жобасын қабылдау мынадай міндеттерді шешуге мүмкіндік береді: жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін, атап айтқанда, сот орындаушысы қабылдайтын процестік құжаттарды, әрекеттерді оңтайландыру және осы әрекеттердің реттілігін айқындау арқылы арттыру; заманауи технологияларды енгізу, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру; жеке сот орындаушыларының тәртіптік практикасын жетілдіру; «Астана» халықаралық қаржы орталығы» сот актілерін атқарушылық құжаттар тізбесіне енгізу; мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жалақы төлемеу мәселелері бойынша берген ұйғарымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету.

Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру - сот орындаушыларының, оның ішінде жеке сот орындаушыларының қызметін серпінді дамытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың бұзылған құқықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың наурыз айында өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді.