Парламент өлім жазасының күшін жоюға бағытталған заңды қабылдады

0
1 883

2019 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші Факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды.


Парламент өлім жазасының күшін жоюға бағытталған заңды қабылдады

ERNUR.KZ. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы негізгі халықаралық құқық қорғау актілеріне қосылу, сондай-ақ өзінің БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ға мүшелігі тұрғысында қабылданған адам құқықтары саласындағы міндеттемелерге сәйкес өлім жазасын қолдану саласын біртіндеп азайту мен қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жүргізуде. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасында өлім жазасын қолдану ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы тиісті мораторий енгізу туралы Жарлығымен толығымен тоқтатылған болатын», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

2019 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші Факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Осылайша, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 23 қыркүйекте БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы ҚР Заңына сәйкес, екінші Факультативтік хаттама ҚР Парламентімен міндетті ратификациялауға жатады.

«Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер: өлім жазасын қолданбау және өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті іс-шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Жалғыз ерекшелік - соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы заңды түрде ресімделген ескертпе болған жағдайда рұқсат етіледі. Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хаттаманың 2–бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады», - деді министр.

«Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральдық-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Біз бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз. Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып саналады және мемлекет барлық адамдар үшін осы құқықтың жүзеге асырылуына кепілдік беруге міндетті», - деді министр.

Еске салайық, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады.

Кейіннен ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның аталмыш халықаралық пактіге қосылуына қатысты түсініктеме берді.