Парламентте қазақ-қырғыз шекарасына қатысты маңызды құжат қабылданды

2
2 561

Аталған заң жобасын мәжілісте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов таныстырды.


Парламентте қазақ-қырғыз шекарасына қатысты маңызды құжат қабылданды

ERNUR.KZ. Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Қырғыз үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп жазады baq.kz.

Аталған заң жобасын мәжілісте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов таныстырды.

«Қазіргі кезде екі ел арасында 11 автомобиль өткізу бекеті бар, олардың бесеуі көпжақты халықаралық, ал алтауы - екіжақты. Екіжақты өткізу бекеттерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көлік құралдарының қарқыны өте төмен болуы себепті олар 2010 жылы жабылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам және 466 мың көлік құралы өтуде. Сондай-ақ 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 43 %-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, Қарасу және Қордай автомобиль өткізу бекеттеріндегі көлік ағынын жеңілдету ескерілген.

«Сіздерге ұсынылған хаттамада Сарытөбе және Ауқатты автомобиль өткізу пункттерінің мәртебесін екіжақтыдан «көпжақты халықаралыққа» ауыстыру ескерілген. Одан бөлек, «Нововоскресеновка» өткізу бекетінің атауын «Сыпатай батыр» деп өзгерту көзделген. Бұл шаралар өз кезегінде Қарасу және Қордай автомобиль өткізу бекеттеріндегі көлік ағынын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазақстан және Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастың одан әрі дамуын жақсартады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің тауар айналымына оң әсерін береді», - дейді министр.