Парламет көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына арналған заң жобасын қабылдады

0
1 296

Заң жобасында атаулы көмек көрсету критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін арттыру, аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлемді 20 789 теңге сомасында белгілеу шаралары көзделген.


Парламет көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына арналған заң жобасын қабылдады

ERNUR.KZ. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Екі заң жобасы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту мәселелеріне арналған. Сонымен бірге, ілеспе заң жобасына әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша тиісті құқықтық нормалар енгізілген. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында өткен әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында Елбасы көмекке аса мұқтаж көпбалалы отбасылардың әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін биылдың 1 сәуірінен қалдырмай қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған болатын. Түзетулер осы тапсырманы орындауға бағытталған», - деді Сенат спикері Дариға Назарбаева.

Атап айтқанда, заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметінде жаңа тәсілдерді іске асыруға, индустриялық аймақтардың жұмыс істеуін регламенттеуге және инвестициялар тартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, заң жобасында атаулы көмек көрсету критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін арттыру, аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлемді 20 789 теңге сомасында белгілеу шаралары көзделген. Сондай-ақ құжатта мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы жәрдемақыны және бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы жәрдемақынының мөлшерін 30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі ескерілген.

Заң жобасының аясында білікті педагогтар, дәрігерлер, полицейлер және басқа да мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен берілетін ипотеканың бастапқы жарналарын жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетігі енгізіледі.

Енді Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.