Павлодар облысында Ертіс деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр

0
1 077

Қазіргі кезде Ертіс өзенінде мұз кептелісі жоқ. Сондықтан 15 сәуір мен 2 мамыр аралығында Шүлбі қоймасынан су көптеп жіберіледі.


Павлодар облысында Ертіс деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр

ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Шүлбі қоймасынан жіберілетін су көлемінің артатынын мәлім етті. Осыған байланысты Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойында орналасқан елді мекендердің шеткі үйлерін су басу қаупі бар, деп жазады ҚазАқпарат.

Комитет басшысы Владимир Беккердің айтуынша, бүгінде Шүлбі су қоймасы 100 процентке толып тұр. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қоймадағы суды көптеп жіберуге шешім қабылдады.

«Қазіргі кезде Ертіс өзенінде мұз кептелісі жоқ. Сондықтан 15 сәуір мен 2 мамыр аралығында Шүлбі қоймасынан су көптеп жіберіледі. Қазірдің өзінде ол судың көлемі секундына 2 400 текше метрге дейін артты. Ал 17-23 сәуір күндері секундына 3 500 текше метр жіберілетін болады. Осының алдында айтқанмын, Павлодар облысында 11 елді мекеннің шеткі үйлеріне су жақындауы мүмкін. Барлығы өзенге жақын төменгі жақта орналасқан. Негізі, бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Дегенмен, бір мәселені ескеру керек, су көптеп жіберілгенде өзеннің деңгейі күрт көтеріліп кетеді», - деді В.Беккер елордадағы баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, өткен аптадағы брифингте комитет басшысы Павлодар облысында Ертіс өзенінің тасуынан қай ауылдарға қауіп төніп тұрғанын айтты. Бірақ аталған елді мекендерде тек шеткі бірнеше үйді ғана су алып кетуі мүмкін.

«Павлодар облысы бойынша су тасқыны қатері 11 елді мекенге төніп тұр. Олардың ішінде Кенжекөл, Ленинский, Ақсу қаласы, Песчаное, Ақсу кенті, Қарасұқ, Тереңкөл, Аққұлы, Ақсарай, Жаңасарай, Госплеменстанция сияқты елді мекендер бар. Барлығы Ертістің бойын жағалай орналасқан. Бірақ бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, су аталған елді мекендердің бәрін алып кетеді деген сөз емес. Әрбір ауылда су бірнеше үйге ғана кіруі мүмкін. Мәселен, Песчаное ауылында үш үйге қауіп төніп тұрса, Қарасуда екі-ақ үй суға жақын тұр. Сол сияқты Ақсу қаласында бес үйге ғана су кіруі мүмкін», - деп атап көрсеткен еді В.Беккер.