Павлодар облысында мыңдаған балық қырылып қалды

0
846

​Жағаға шыққан балықтардан сынамалар алынды.


Павлодар облысында мыңдаған балық қырылып қалды

ERNUR.KZ. Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Ленин кентіндегі Чапка өзенінің жағасы өлі балыққа толы. Оларды жергілікті тұрғындардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеді, деп жазады inbusiness.kz.


«14 сәуір, 2021 жыл, Ленин кенті. Чапка өзенінің бастауы. Қаншама балық қырылып қалды! Ірі және ұсақ тұқы, мөңке бар. Жағалауды балық басты», - дейді видео авторы.


Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ресми мәліметі бойынша, өзен суы 1-1,5 метрге қатқандықтан балықтар жағаға шығып қалған.


«Аталмыш факт бойынша құзырлы орган, ветеринарлық қызмет өкілдері мен ғалымдар оқиға орнына барып, су мен балықтың сынамаларын алды. Балықтардан ешқандай патология анықталған жоқ. Олар су айдыны аса терең болмағандықтан сумен бірге қатып қалған. 15 сәуір күні жағалау балықтардан толықтай тазартылады», - деп хабарлады басқарма өкілдері.


Жауапты ведомство алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанбас үшін биыл қыс түспей тұрып балықты жаппай аулау жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Ал тұрғындардың айтуына қарағанда, судың қату тереңдігі бір метрден де аз болған. Яғни, балықтардың қырылып қалуына судың қатуының еш қатысы жоқ. Сондықтан олар экологтарды тартып, тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етіп отыр. Бәрінен де бұл балықтар ертеңгі күні дүкен сөрелеріне қойыла ма деп қауіптенеді.