Павлодарда бір күнде науқастар үшін 800 төсек-орын дайындалды

0
540

Павлодарда 2 шілдеден бастап триаж-орталық жұмыс істей бастады.


Павлодарда бір күнде науқастар үшін 800 төсек-орын дайындалды

ERNUR.KZ. Павлодардағы "Баянтау" спорт сарайында пациенттерді қабылдау және диагностикалау орталығы, ал Мойылды және Ақсу шипажайларында қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Олардың дайындығын облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тексерді, деп хабарлайды Stan.kz.

Павлодарда 2 шілдеден бастап триаж-орталық жұмыс істей бастады. Ол "Баянтау" спорт сарайында ашылды, онда 150 провизорлық төсек орын бар. Жедел медициналық жәрдем бригадалары ауруханалардан басқа, енді пациенттерді "Баянтау" ғимаратына алып келеді, онда тәжірибелі дәрігерлер пациенттерді диагностикалайды және оларды стационарға ретімен жатқызады. Орталық қатаң түрде "таза" және "лас" аймақтарға бөлінген, әрі әрқайсында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес науқастарды қабылдау жолдары қарастырылған.

"Триаж-орталықтың іске қосылуы ауруханалар мен жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтуы тиіс. Бұл жерде науқастардың жағдайына байланысты жедел шешім қабылдайтын тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Персоналдың да, пациенттердің де эпидемиологиялық қауіпсіздігі аса маңызды", - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов спорт сарайын аралау барысында.

"Мойылды" шипажайы ғимаратында бірден 500 провизорлық төсек орын ашылды. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен эпидемиологтердің бағалауы бойынша, бұл жер науқастардың ем қабылдауына жайлы, ал шипажайдың кірме жолдары ыңғайлы. Бұл ғимараттың іші де аймақтарға бөлінген. Аталған стационарға жағдайы ауыр емес пациенттерді жатқызу жоспарланып отыр.

Провизорлық пациенттер үшін тағы 70 төсек-орын Ақсу қаласындағы "ЕЭК" АҚ емдеу-сауықтыру кешенінің базасында және 80 төсек-орын осы қаладағы "Еуразия" медициналық орталығында құрылды. Екі ғимаратта да науқастарға жайлы және қауіпсіз болуы үшін барлық жағдайлар бар. Осылайша, бір күнде Павлодар облысында тағы 800 провизорлық төсек-орын ашылды.

Облыс әкімі барлық келген мекемелердің қызметкерлерімен әңгімелесті және жедел штаб мүшелеріне барлық ұйымдастыру мәселелерін тез арада шешуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, эпидемиологиялық жағдайға байланысты туындаған барлық мәселелерді тез шешу үшін өңірде COVID-19-ға қарсы шараларды үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Штаб төрағалығын қолға алған Әбілқайыр Сқақов жұмыстың басым бағыттарын айқындап, әрқайсысына жауапты адамдарды бекітті. Мәселен, провизорлық стационарлар бойынша шараларды үйлестіру міндеті аймақтық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі сарапшы облыстық онкодиспансердің директоры Мұрат Сүлейменовке жүктелді.