Павлодарда қоғамдық көліктерге оқ атқан бұзақыға автобустардың дыбысы кедергі келтірген

0
923

Ер адам екінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен оқ жаудырған.


Павлодарда қоғамдық көліктерге оқ атқан бұзақыға автобустардың дыбысы кедергі келтірген

ERNUR.KZ. Маршруттық таксиге оқ атқаны үшін ұсталған күдікті 32 жастағы отбасылы адам болып шықты. Оның психикалық жағдайы тексерістен өтуі керек, деп жазады ҚазАқпарат.

«Малайсары батыр көшесінде автобустар мен маршруттық таксилерге оқ атқан Павлодар қаласының 1987 жылы туған тұрғыны ұсталды. Күдіктінің сөзінен белгілі болғандай, оған автобустардың шуы кедергі келтірген-мыс», - деді Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Алма Мұсабекова.

Оның айтуынша, бұзақының қылығынан екі автобус пен үш маршруттық таксиге зақым келген.

«Күдікті бүгін таңертең және кеше кешкісін маршруттық таксиге оқ жаудырған. Алайда жүргізушілер бүгін таңертең ғана хабар берді», - деді А.Мұсабекова.

Еске сала кетейік, полицияға 6 қыркүйек күні шамамен 08.40-та белгісіз біреу бұзақылық жасамақ болып, пневматикалық қарудан маршруттық таксиге оқ атқаны туралы хабар келіп түскен. Зардап шеккендер жоқ. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 293 бабына сәйкес («Бұзақылық») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Павлодарлық полицейлер оқ атқан күдіктіні қолға түсірді. Ер адам екінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен оқ жаудырған. Пневматикалық пистолет тәркіленді. Тергеу жалғасуда.