Павлодарда мас күйде көлік жүргізген әйелдің төрт баласын алып қойды

0
638

Әйелдің үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің үш бірдей бабы бойынша іс қозғалған.


Павлодарда мас күйде көлік жүргізген әйелдің төрт баласын алып қойды

ERNUR.KZ. Павлодарда полиция мас күйінде рөлге отырған әйелді ұстады. Көліктің ішінде оның төрт баласы болған, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Павлодар қаласының полицейлері түнгі сағат үш шамасында Новосибирская көшесінде ВАЗ-2107 маркалы көлігін тоқтатады. 30 жастағы әйелдің көлікті мас күйінде жүргізгенін медициналық сараптама нәтижесі көрсеткен. Ең сорақысы, оның көлігінде кәмелетке толмаған он, жеті, үш және бір жасар баласы болған.
"Іс мамандандырылған әкімшілік сотта қаралып, қала тұрғыны 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды (ӘҚК 1-бөлігі, 608-бабы). Сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізгені үшін (ӘҚК 2-бөлігі, 590-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Бүгінде үш бала қиын жағдайдағы балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталыққа жіберілсе, бір жасар бала "Сәбилер үйіне" тапсырылған. Осы жағдайға байланысты әйелдің үстінен кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін (ӘҚК 127-бабы) әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберілген.
Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер рульде мас болған 235 жүргізушіні ұстады.