Павлодарда жолаушылар ұшағы әуежайға бір сағаттай қона алмаған

0
849

Әлеуметтік желіде қаланың үстінде ұшып жүрген ұшақ қызу талқыланып жатыр.


Павлодарда жолаушылар ұшағы әуежайға бір сағаттай қона алмаған

ERNUR.KZ. Павлодарда ауа райының қолайсыздығына байланысты жолаушылар ұшағы бір сағаттай қаланың үстінде айналып ұшып жүруге мәжбүр болды, деп жазады Tengrinews.kz.

Павлодарлықтар әлеуметтік желіде қаланың үстінде ұшып жүрген ұшақты қызу талқыға салып жатыр. Қала тұрғындарының басым бөлігі жолаушылар ұшағынан қорқып қалыпты.


"Ұшақтың төмен биіктікте ұшқаны соншалық, ол құлайды деп ойладық. Мен "апат бола ма?" деп қорықтым", - деп жазды Instagram желісінің пайдаланушысы.



Кейін ұшақ Алматы-Павлодар бағытындағы FlyArystan әуекомпаниясына тиесілі екені белгілі болды. Ондағы жолаушылар да қорыққандарын желіде ашық жазды.

"25 шілдеде FlyArystan әуекомпаниясының Алматы-Павлодар бағытындағы KC 7131 рейсі 40 минутқа кешігіп қонды. Себебі, Павлодар аэродромында қатты найзағай болды. Бұл ауа-райының өзгеруімен байланысты. Мұны қалыпты жағдай деуге болады. Бұл жағдайда әуекомпанияның ұшқыштары ұшу немесе ұшақты қондыру туралы шешімді өз еркімен қабылдайды", - деді FlyArystan компаниясының өкілдері.

Олар ұшақта тәжірибелі мамандар басқарғанын атап өтті.
Айта кетейік, жолаушылар ұшағы Павлодарға әуежайына қонғаннан кейін жарты сағаттан соң найзағай ойнап, нөсер жаңбыр басталды.
25-26 шілдеде Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжамынша, кей жерлерде нөсер жаңбыр, бұршақ жауып, найзағай соғуы мүмкін әрі желдің екпіні секундына 15-25 метрге дейін күшейеді.