Павлодарлық оқушылар шоколад сататын автомат жасап шықты

0
2 243

Робот техниканы құрастырған балалар 5-ші және 6-шы сынып оқушылары


Павлодарлық оқушылар шоколад сататын автомат жасап шықты

ERNUR.KZ. М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайындағы робот техникасы клубының тәрбиеленушілері Нұрат Татенов пен Ғалымжан Әбішев шоколад сататын автомат құрастырды, деп жазады pavlodarnews.kz.

Робот техникасы клубының жетекшісі Қайрат Солтаналиновтың айтуынша, бұл жұмысты жасап шығу үшін екі ай уақыт кеткен. Үш рет бұзып, үш рет құрастыруға тура келген. Нұрат Татенов Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 6-сыныбында, Ғалымжан Әбішев Бауыржан Момышұлы атындағы № 22 мектептің 5-сыныбында білім алады.

"Биіктігі 50 сантиметр автомат әзірге 50 теңгеліктерді ғана қабылдайды және тек қана шағын Twix шоколадтарын береді. Ішінде кәмпит ұсынатын арнайы мотор орналастырылған. Бұл жұмыспен «Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану» облыстық байқауында және аймақтық робот техникасы фестивалінде бірінші орынды жеңіп алдық. Алдағы уақытта жобаны әрі қарай жетілдіру жоспарда бар. Ол үшін көбірек бөлшектер керек. Сыртын ағаш немесе пластмассадан жасауды ойлап отырмыз," - дейді Қайрат Солтаналинов.

Оқушылар сарайындағы робокешенді зертханада балалар роботтарды құрастырып, legoeducation, Ардуин, 4WD платформалары, робот-манипулятормен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мұнда 5-11 сыныптардан 54 бала түрлі жобалармен айналысады. Еске сала кетейік, оқушылар сарайында 2018 жылдың мамыр айында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде балалар техно-бизнес паркі ашылған. Бұл жерде бес заманауи сынып – робот техникасы зертханасы, астроклуб, 3D-модельдеу кабинеті, телестудия, стартап-академиясы, IT-сынып орналастырылған.