Педагогтердің "жаңа" жалақысы жарияланды

0
5 908

Ең алдымен, олардың еңбекақысын есептеу коэффициенті өзгереді.


Педагогтердің

ERNUR.KZ. Парламентте 2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдау барысында бірінші вице-премьер-қаржы министрі Әлихан Смайылов жария еткен бұл хабар жұртшылық арасына тарап, елді елең еткізді. Алайда осы триллиондардың мұғалімдер арасында қалай бөліске салынатыны белгісіз болып қалған, деп жазады inbusiness.kz.

Енді Білім және ғылым министрлігі осының егжей-тегжейін түсіндірді.

Ең алдымен, олардың еңбекақысын есептеу коэффициенті өзгереді. Ведомство дерегінше, білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық ақысына (тарифтік ставкасы) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,25 ставка мөлшерінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде түзету коэффициенті қолданыла бастайды. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2 мөлшеріне жетеді.

Мұғалімдер қазір сыныпқа не топқа жетекшілік еткені үшін жалақысына қосымша алады. Бірақ олар оны мардымсыз санап, министрлікке әлденеше рет шағым айтқан.

Нақтылай кетсек, мектептегі ұстаздар қазір 1–4 сыныптарға жетекшілік еткені үшін базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 25%-ы, 5–11 сыныптарға жетекшілік жасағаны үшін 30%-ы, ал техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында – БЛА-ның 25%-ы көлемінде үстемеақы алады.

Бұл ретте қазіргі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кезінде Премьер-министр болып тұрған тұста, 2017 жылы Үкімет қаулысымен БЛА-ны 13 мың 613 теңгеден 17 мың 697 теңгеге дейін көтеріп кетті.

Түсіндіре кетсек, базалық лауазымдық айлықақы бюджеттік сала қызметкерлеріне, азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы, сондай-ақ еңбек жағдайлары үшін үстемеақылар мен қосымша төлемдердің кейбір түрлерін есептеу кезінде пайдаланылады.

Ал енді педагогтерге сынып не топ жетекшілігі үшін ай сайын берілетін үстемеақы келер жылдан бастап, екі есеге көтерілмек. Мәселен, 2020 жылдан бастап, 1–4 сыныптар үшін БЛА-ның 50%-ы, 5–11 (болашақта 12-ші) сыныптар үшін 60%-ы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында БЛА-ның 50%-ы көлемінде қарастырылмақ. Бұл шамамен 8–9 мың теңгеге жуық.

Дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосылатын қосымша ақы да екі есеге арттырылады. Айталық, қазір 1-4 сынып мұғалімі дәптерлерге көз майын тауысқаны үшін БЛА-ның 20%-ы көлемінде ғана алса, бұл қаражат 40 %-ға дейін өсіріледі.

Орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдердің және керісінше, оқу ұлттық тілдерде жүретін мектептердегі орыс тілінің осы пәндерді 1-4 сыныпта жүргізетін мұғалімдеріне қосымша ақы бүгіндегі БЛА-ның 25 %-нан 50%-ға дейін жоғарылатылады.

Жоғары сыныптарда бұл сома шамалы ерекшеленеді. Мысалы, 5–11 сынып мұғалімдеріне, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақы қолданыстағы 25 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылады.

Ал дәл осы сыныптарда математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша дәптер тексеру үшін қосымша ақы тек 20%-дан 40%-ға дейін өседі.

Қазақстан кейінгі жылдары бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқытуға көшті. Өз пәнін шет тілінде оқытатын ұстаздарға да қосымша төлем төленеді. Бұған дейін ол тек мектеп мұғалімдері үшін көзделген болатын, алдағы жылдан бастап, оны колледждерде де төлей бастамақ.

"Физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша негізгі орта және жалпы орта білімнің оқу бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізетін педагогтерге БЛА-ның 200%-ына дейін қосымша ақы белгіленеді", – деп хабарлайды БҒМ.

Сәйкесінше, аталған пәндерді ағылшын тілінде оқытатындар жалақысына шамамен 35 мың теңге қосылады.

Егер педагогикалық шеберлік біліктілігі болса, ондай мұғалімдер қосымша ақының тағы бір түріне қол жеткізе алады. Соның ішінде педагог-шеберге берілетіні – лауазымдық ақының 50%-ын, педагог-зерттеушінікі – 40%-ды, педагог-сарапшынікі – 35%-ды, ал педагог-модератордікі – 30%-ды құрайды.

Мектеп директорлары мен "завучтары" үшін жаңа қосымша ақы түрі енгізілмек. Бірақ оған қол жеткізуі үшін білім ордасы басшысы мен оның орынбасарларының "басқару шеберлігі біліктілігі" болуға тиіс.

Бұл жағдайда 1-буын басшылары мен орынбасарлары еңбекақысына лауазымдық айлығының 100%-ы көлемінде, 2-буындағыларға – 50%, ал 3-буындағыларға 30% мөлшерінде қосымша төлем төленетін болады. Мектептердегі басшылық қызметтегілерге бұған дейін ондай қосымша ақы алмайтын.

Ғылыми дәрежесі бар ұстаздарға – ерекше құрмет. Министрлік мәліметінше, "орта білім беру ұйымдарының педагогтарына магистр академиялық дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді". Бұл шамамен 25 мың теңгеден асады.

Ал "Тәлімгер" мәртебесі бар мұғалімдерге қосымша ақы көлемі лауазымдық айлықақының 100%-ына пара-пар болуға тиіс.

Бұл төлемдер өнер және спорт мектептері және әскери мектеп-интернат педагогтеріне еш қатысы жоқтығы және оларға берілмейтіні мәлімделді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы қосымша ақылар мен төлемдер Үкіметтің жаңа қаулысымен бекітілетінін жеткізді.

"Ол құжат "Педагог мәртебесі туралы" заңын іске асыру үшін әзірленді. Осы жобаны іске асыруға арналған шығыстар жақында 2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында қосымша қолдау тапты. Оны іске асыруға республикалық бюджеттен алдағы үш жылда 2 трлн 671 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 2020 жылы – 527 млрд теңге, 2021 жылы – 902 млрд теңге, 2022 жылы – 1 триллион теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп педагогтарына педагогикалық шеберлік біліктілігі, магистр дәрежесі, ағылшын тілінде оқу бағдарламаларын іске асыратын мұғалімдерге қосымша ақы белгілеуді және сынып жетекшілігі үшін қосымша ақыны арттыруды, дәптерлер мен жазбаша жұмыстарды тексеруді, сондай-ақ білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысының мөлшерін 25%-ға арттыруды көздейді. Яғни, педагогтердің табысы артады", – дейді министр.

Жалпы, ұстаздар жалақысын көтеру науқандары бұрын да болған.

Мұғалімнің мансаптық өсуінің жаңа жүйесін (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-мастер) енгізу арқасында жалақы базалық лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін өсіпті. Сонымен қатар, пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақыдан 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.

Алайда осы шараларға қарамастан, білім беру саласындағы жалақы экономика бойынша ең төменгілердің бірі болып қалуда және БҒМ дерегінше, орташа есеппен 107 963 теңгені құрайды.

Ал ЭЫДҰ ұйымы жүргізген "TALIS-2018" зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, қазақстандық мұғалімдердің 96%-ы өз жалақысын аз санайды және оны арттыру "білім беру бюджетін ұлғайту кезінде ең басым міндет болуға тиіс" деп есептейді.

Қосымша ақылар енгізілген соң, орташа айлық екі еседей артуы ықтимал.