Петропавлда қатаң шектеу шаралары енгізілмек

0
616

Тек шағын азық-түлік дүкендері кешкі 20:00 дейін бұрынғы режимде жұмыс істейді.


Петропавлда қатаң шектеу шаралары енгізілмек

ERNUR.KZ. Алдағы демалыс күндері Петропавл қаласында қатаң шектеу шаралары енгізілмек. Ірі сауда ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, гипермаркеттердің жұмысы 27-28 маусым күндері уақытша тоқтатылады, деп жазады Azattyq Rýhy.


Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, 800-ге жақындап қалды. Вирустың одан әрі жоғары қарқынмен таралуының алдын-алу мақсатында 27-28 маусым күндері сауда-саттық және бизнес орталықтары, қоғамдық көлік жұмысы уақытша тоқтатылмақ.

Мамандардың айтуынша, елдегі жағдайды елемей, той-томалақ жасап, қонақ шақыруларын тыймай жүрген тұрғындардың кесірінен облыстағы эпидемиологиялық ахуал күннен күнге ушығып барады.

«Облыс бойынша да, елді мекендер ішінде де, жаяу және жеке көлікте жүруді шектеу қажет. Кәсіпкерлік субъектілері мен объектілерінің, оның ішінде: сауда ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, гипермаркеттердің жұмысы 27-28 маусым күндері уақытша тоқтатылады. Ал, үйдің маңында орналасқан шағын азық-түлік дүкендері кешкі 20:00 дейін бұрынғы режимде жұмыс істейтін болады», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінiң жетекшісі Серікбай Қасмақасов.

Сондай-ақ, жұмысын уақытша тоқтататын объектілер қатарында бизнес-орталықтары, автомобиль, киім-кешек базарлары, сұлулық салондары, шаштараз сынды қызмет көрсету саласына жататын басқа да объектілер, жағажайлар, қосымша білім беру орталықтары, спорттық және мәдениет нысандары бар. ПИК көпқабатты үйлердегі аула және спорт алаңдарына, үйлердің кіреберістеріне дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін болады.

«Елде, облыста ТЖ режимі басталғаннан бері тиісті мамандар рейдтік іс шараларды қолға алды. Өткен демалыс, 20-21 маусым күндері ғана 100-ден аса объекті тексерілді. Соның барысында 16 кәсіпорын мен 16 кәсіп иесіне материал жиналды. Қаладағы 4 мейрамхана өз жұмысын жалғастырып келгені анықталды. Қалған 12 кәсіпорынға санитарлық ережелерді сақтамағаны үшін қажетті құжаттар толтырылып, іс сотқа жіберілді», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Тексеріс нәтижесінде сұлулық салоны, дүкен және қоғамдық тамақтану орнына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып және 1 ай уақыт аралығында жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған.