Полицейлер көктемде із-түссіз жоғалған қызды тауып, жақындарына табыстады

0
892

Алматы облысының полицейлері Түркістан облысында із-түссіз жоғалған науқас қызды тауып, жақындарына табыстады.


Полицейлер көктемде із-түссіз жоғалған қызды тауып, жақындарына табыстады

иллюстрациялық фото

Түркістан облысында көктемде із-түссіз жоғалған қыз Қарасай аумағынан табылып, аман-есен ата-анасына табысталды,- деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарасай ауданының із кесушілері арнайы шара барысында Қаскелең қаласының көшесінің бойында жүріс-тұрысы күдік тудырған бойжеткенді байқаған. Жеке тұлғасын анықтауда оның аты-жөнін айта алмайтын науқас жан екені анықталып, аудандағы пансионаттардың біріне жеткізілген.
«Алғаш көргенде қатты шаршаған, эмоционалдық жағдайы нашар болғандықтан пансионатқа апардық. Іздеу базалары арқылы оның суреттерін таратып, мекенжайын анықтауға тырыстық. Оң нәтиже шықпаған соң, екі күннен кейін келіп, қайта-қайта аты-жөнін сұрау кезінде аты мен тегінің алғашқы әріптерін ғана айта алды»,- деді Қарасай ауданы Полиция басқармасы КПБ жедел уәкілі полиция капитаны Айдос Садықов.
Жоғалған бойжеткеннің аты-жөнін болжам бойынша мәліметтер базасынан тексеріп, көктемде Түркістан облысында 1994 жылы туған әйел адамның із-түссіз жоғалуына байланысты іздеу жарияланғаны белгілі болған. Қарасай ауданының полицейлері оңтүстіктегі әріптестеріне тиісті хабар беріп, ата-анасы қыздарын аман-есен алып кеткен. Науқасына байланысты ауладан шығып кетіп, үйін таба алмай қалған перзентін тауып берген аудандық полицейлерге зор алғысын білдірген анасы тәртіп сақшыларының жұмысына табыс, отбасыларына амандық тіледі.