Полицейлер жоғалған 4 миллион теңгені тауып, иесіне қайтарды

0
659

Алматы-Маңғыстау" бағытындағы жолаушылар пойызына отырған жолаушы абайсызда 4 миллион теңгеcінен айырылып қалған.


Полицейлер жоғалған 4 миллион теңгені тауып, иесіне қайтарды

ERNUR.KZ. Көлік полицейлері жоғалған 4 миллион теңгені тауып, иесіне қайтарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, "Алматы-Маңғыстау" бағытындағы жолаушылар пойызына отырған жолаушы абайсызда 4 миллион теңгеcінен айырылып қалған.

Асқар Жуланов есімді ер адам 27 қарашада таңертең жолаушылар поезымен Маңғыстау станциясына келген. Вагоннан түсіп, әрі қарай көлікке отырмақ болып, сөмкелерін көлікке салу кезінде бір сөмкесінің жоғын байқаған. Жоғалған сөмкенің ішінде 4 000 000 теңге және басқа да керекті құжаттары болған.

Сөмкені өз бетімен іздегенімен, таба алмаған. Содан Маңғыстау станциясындағы Желілік полиция бөліміне келіп, қомақты қаржысын жоғалтқанын айтып, арызданған.

Маңғыстау станциясының жедел уәкілдері жүргізген жедел-іздестіру іс шарасы нәтижесінде ақша салынған сөмке табылды.

"Жолаушы ер адам пойыздан түскен кезде сөмкесін перронда қалдырып кеткен. Одан соң, сөмкені белгісіз жолаушы өзімен бірге алып кетеді. Вокзал аумағы адамдар көп шоғырланатын орын болғандықтан, іздеу процесі өте күрделі болды. Бес күнге созылды. Өтініш келіп түскен күннен бастап, барлық аумаққа жаяу рейд жүргіздік. Вокзал аумағын мекендейтін қаңғыбастар, қоқыс орындар, станцияға жақын орналасқан ғимараттар - барлығы дерлік тексеріске алынды", - дейді Маңғыстау станциясындағы Желілік полиция бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Қуанышкерей Қызылбаев.

Оның айтуынша, арызданушы азамат отырған поез вагонының әрбір жолаушысы да тексерілген.

"Жолаушылармен жеке-жеке байланысқа шығып, мекен-жайларына дейін бардық. Бұл іске барлық жедел уәкілдер жұмылдырылды. Нәтижесінде сөмкенің бөтен жолаушының қолында кеткенін анықтап, таптық. Ақша толықтай иесіне қайтарылды", - деді көліктегі полиция департаментіндегілер.

Күн-түн демей жедел жұмыс атқарған көлік полицейлеріне сөмке иесі ерекше алғысын білдірді.

"Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен, әрі маңызды қаражат болатын. Ақшамыз табылып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Бес күнге созылған полицейлердің осындай күрделі жұмыстарына куә болып, риза болып отырмын. Алғысымыз шексіз", - дейді Асқар Жуланов.

Ведомство мәліметінше, Жулановтар отбасы үшін бұл ақшаның маңызы зор болған. Себебі олар бұл ақшаның 50 пайызына Ақтау қаласынан баспана сатып алуды және 50 пайызын сырқаттанып жүрген баласын емдеуге жұмсамақ болған.