Премьер-Министр құрылыс материалдарының құнын арзандатуға қатысты тапсырма берді

0
565

Құрылыстың жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 2020 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша 6,1 пайыздан биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 6,25 пайызға өсті.


Премьер-Министр құрылыс материалдарының құнын арзандатуға қатысты тапсырма берді

ERNUR.KZ. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин құрылыс материалдары саласына қатысты жауапты ведомство мен әкімдіктерге тапсырмалар берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Индустрия министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және әкімдермен бірлесіп бір ай ішінде Құрылыс индустриясы жобаларын іске асыру бойынша 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлесін», - деп тапсырды А. Мамин.

Сонымен қатар Индустрия министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, нарықта делдалдардың жұмысына жол бермеу және құрылыс материалдарының құнын арзандату үшін 2022 жылғы 1 наурызға дейін «Маркетплейс» онлайн алаңын пайдалануға енгізу жүктелді.

«Индустрия министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, құрылыс материалдары бағасын негізсіз өсіру фактілері бойынша уақтылы шаралар қабылдап, үнемі бақылауды қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құрылыстың жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 2020 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша 6,1 пайыздан биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 6,25 пайызға өсті.

Нарықты қолжетімді отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай құны 1 трлн теңгеден асатын құрылыс индустриясының 165 жаңа жобасы іске асырылады.