"Президент айтты ғой": Агенттік министрлерге отставкаға кету керектігін еске салды

0
1 003

Қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталған басшы жұмыстан кетуі керек


ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов бірінші басшының жауапкершілігін заңға енгізу мәселесін түсіндірді, деп жазады sputniknews.kz.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке қатысты заң жобасы парламенттің қарауында жатыр. Аталған құжатқа бірінші басшының жеке жауапкершілігіне қатысты норма енгізу жоспарланған.

"Ол норма заңда белгіленсе, бәрі жұмыстан кетуге міндетті болады. Меніңше, жылдың аяғына дейін аталған норманы қабылдаймыз. Сол кезде қызметкерлердің біреуі жемқорлықпен ұсталса, басшы міндетті түрде отставкаға кетеді", - деді Бектенов бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Ол министр жаңадан тағайындалса да, жемқорлық фактілері үшін отставкаға өтініш беруі тиіс екенін атап өтті. Бүгінде заң нормасы болмаса да, президенттің нақты нұсқауы бар.

"Енді, министр жаңадан тағайындалса, президент айтты ғой, ол отставкаға арыз беруі керек. Басшы жеморлықпен ұсталған қызметкерді өзі тағайындады ма, жоқ, әлде оған қатысты ұсыныс жасады ма, президент бәрібір отставкаға беруі керек деді. Ал отставканы қабылдай ма, жоқ па, оны ел президенті өзі шешеді. Басшының отставкасы қабылданбаса, өз жұмысын жалғастыра береді. Дегенмен жаңа норма заңға кірсе, бұл заң талабы болады", - деп түсіндірді Бектенов.

Агенттік аталған ұстанымды толығымен қолдайды. Соның арқасында бірінші басшы өз жұмысына жауапты қарайды, жемқорлықтың алдын алу шараларына басымдық береді. Өзіне де, мемлекетке де шығын келмейді. Осы орайда Бектенов нақты бір мысалды да еске алды.

"Жақында су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішевтың ұсталғанын бәріміз білеміз. Әлі есімде, 2013 жылы оның қол астында істеген бір қызметкер арызданып, бір нәрсе үшін ақша төлеуге міндеттелгенін жариялаған болатын. Енді, қараңыз, сол кезде комитет төрағасына қатысты қатаң шара қолданғанда қазіргідей шығын оған да, мемлекетке де келмейтін еді", - деді Бектенов.

Оның ойынша, ондай тәртіп квазимемлекеттік секторда да болуы қажет.

"Қазір мемлекеттік қызметті кішкене тәртіпке келтірейік. Содан кейін көреміз", - дейді Бектенов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаса, басшылар отставкаға кетуі керек екенін мәлімдеген еді.