Президент Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тоннадан ұн берілетінін айтты

0
753

COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетудің маңызы зор - Тоқаев.


Президент Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тоннадан ұн берілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында «СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында өткен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің (ТТМЫК) төтенше саммитіне қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынның күнтәртібінде ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасу, сауда және транзит-көліктік байланыстардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту және ТТМЫК-ға қатысушы елдердегі азаматтарға өзара көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек шараға ТТМЫК-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия Президенті Реджеп Таийп Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, шағырылған қонақ ретінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, сондай-ақ Түркі кеңесіне бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысты.

Мемлекет басшысы шараға қатысушыларға арнаған сөзінде осы төтенше саммитке бастамашы болғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Президент ТТМЫК көшбасшыларымен бірге байланысқа шыққан ДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуске алғыс айтып, жаһанға қатер төнген сын сағатта ол басқарып отырған Ұйымға әлем жұртшылығы құлақ асып, ерекше үміт артатынын айтты.

Қазақстан Президенттің айтуынша, бүгінгі таңда Түркі кеңесі толыққанды көпжақты алаңға айналып, ұйымның халықаралық беделі мен ықпалы артып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің төтенше саммиті дүниежүзіне коронавирус індеті тараған күрделі кезеңде өтіп жатқанына назар аударды.

"Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақал бар. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте барлық мемлекеттер күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Біз де сол көштен қалмауымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, коронавирус пандемиясын ауыздықтау және оны еңсеру үшін жедел ақпарат алмасу, коронавирусқа қарсы іс-шаралар жүргізу, диагностика жасау және инновациялық емдеу тәсілдерін ойластыру, ғылыми ынтымақтастықты күшейту аса қажет.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетудің маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтты.