Президент мақаласы ұлт санасына жаңа серпіліс береді – Қуаныш Сұлтанов

0
2 259

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» - ұлттың рухани санасына жаңа серпіліс береді


Президент мақаласы ұлт санасына жаңа серпіліс береді – Қуаныш Сұлтанов

ERNUR.KZ. Жаңа мақаланың айтқаны көп, айтылары одан да көп. Әр тарауы жан-жақты сараптауға жүк. Ең бастысы - ұлттың рухани санасына жаңа серпіліс береді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов осылай пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа мақаласы бүгін туа қалған дүние емес. «Ұлы даланың жеті қыры» ұзақ жылдарғы тереңнен қозғалған ой толғанысының, толассыз ізденістің, қажырлы қайраткерлік еңбектің, көшбасшылық қасиеттің, қиян асуда қия баспай өркениеттің өскелең жолын таба білерлік даналықтың нәтижесі. Осы еңбекте жүйеленген тақырыптар мен тарихи деректер, құбылыстар көріністерін Президенттің біздің жаңа дәуіріміздегі ресми баяндамаларымен қатар оқушысымен ой қорытып, пікір алысу мақсатында жариялаған талай еңбектерінен байқау қиындық туғызбайды. Тіпті, Елбасының бастамашылдығымен бірнеше жыл жемісті жүргізілген «Мәдени мұра» бағдарламасынан тыс бір жылымыз «Тарих жылы» деп аталғаны да ел есінде. Сол сияқты көп жұмыстардың ұзақ жылдар бойына жүргізіліп келе жатқанын айтсақ та жеткілікті. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялап, дүниежүзілік қоғамдастыққа мүше болған алғашқы күндерден бастап Елбасы біздің бүгінгі мемлекеттігіміздің тамыры тереңде жатқандығына, тарих толқынында талай-талай сындарлы кезеңдерден арпалыспен, күреспен өтіп, ұлттың ұлт болып сақталып қана қалмай, әлемдік өркениет дамуына өз үлесімізді қоса аларлық мүмкіндігіміздің мол екендігіне айрықша мән, маңыз беріп келе жатқанына ел, жұрт, біздің ұлтымыздың тәуелсіздік тұсындағы өсуі, өркендеуі, жетістіктері айқын куә, әрі дәлел», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда Қ.Сұлтанов біз тәуелсіздік жылдары тәуелсіздігімізге дейінгі екі жүз жылға жуық мерзімде армандап, қол жеткізе алмай, көзіміз көре алмаған мүлде жаңа жетістіктерге қол жеткізе алғанымызды атап өтті. Оның айтуынша, бастығырылып, құрсауланып қалған ұлттық санамыз серпіліп, сана еркіндігіне, бостандығына көтерілдік. Әлемдік теңдікке қол жеткіздік. Кіммен болса да тереземіз тең дәрежеде сөйлесе алатын болдық. Өз дауысымызды, сөзімізді басқаларға тыңдата алатын қабылет пен дәрежеге жеттік.

«Екіншіден, мақаланың әрбір тарауы, әрбір сөзі ұлт санасының қуаттана түсуіне жаңа мазмұн, жаңа кеңістік, жаңа серпін береді. Яғни, әрбір азамат өз тарихының тереңіне бойлап, ұлт тегінің мықтылығына, қабылетіне көз жеткізеді. Ұлттық мемлекетіміздің өркениет кеңістігіндегі тарихи орны мен адамзат қоғамының бейбіт бағытта жасампаздықпен өсіп, дами алатынына айрықша екпін берілген. Еліміздің ежелгі тарихын танып, зерттеу жолында жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным қалыптастыру маңыздылығы заман туғызып отырған қажеттілік. Тарихи тамырымыздың тереңдігі мен дәстүрлі мықтылығына сеніп, бүгінгі және алдымыздағы ымырасыз бәсекелестік алапатында қапы қалмауымыз жан-жақты ескертілген. Талай кезеңдерде көш басында жүріп, жол шетінде қалып қоймаудың қамын алдымен ойлау міндеті айтылады. Бүгінгі жасалып жүрген шаралар болашаққа еңбек етеді», - деді халық қалаулысы.

Оның атап өтуінше, үшіншіден, осы еңбекте Қазақ жерінің Түркі әлемінің алтын бесігі екендігіне айрықша мән берілген. Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің терең тарихын мақтаныш ете отырып, оның әсіресе болашақ дамуымыздағы орнына баса назар аударады. Өткен тарих рухани қазынамыз, сонымен бірге асыл тек нәр алар қайнар бұлағымыз екенін ескертеді.

«Елбасының: «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты», - деген пайымдауларында еліміздің болашағына үлкен үміт пен міндет артылып тұр. Түркі әлемінің Ұлы Жібек жолымен жалғасында да толағай табысқа толы игерілер мүмкіндіктердің жатқаны белгілі», - деді Қуаныш Сұлтанов.