Президент сайлауы – 2019: Төлеутай Рахымбеков кандидат ретінде тіркелді

0
1 926

Отырыс соңында ОСК төрағасы Берік Мәжитов өз қолымен кандидатқа тиісті куәлікті табыстады.


Президент сайлауы – 2019: Төлеутай Рахымбеков кандидат ретінде тіркелді

ERNUR.KZ. Орталық сайлау комиссиясы Төлеутай Рахымбековті президенттікке кандидат ретінде тіркеді, деп жазады baq.kz.

ОСК мүшесі Ақылбек Ихданов 26 сәуірде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қоғамдық бірлестігі Төлеутай Рахымбековті ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты ОСК-ға оның келесідей тиісті құжаттарын ұсынғанын айтты.

«Ауыл» партиясы қоғамдық бірлестігінің жоғары органының Төлеутай Рахымбековті президенттікке кандидат ретінде ұсыну жөніндегі мәжілістің партияның Әділет министрлігінде тіркелгендігі туралы құжаттың көшірмесіне қоса берілген хаттамасынан үзінді; президенттікке кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы Рахымбековтің өтініші, өмірбаяндық деректері; сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат және кандидаттың мемлекеттік тілді меңгергенін анықтау негізінде Орталық сайлау комиссиясының 27 сәуірдегі қаулысымен президенттікке кандидаттың Конституцияға және «Сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігі белгіленіп, қол жинау парақтары берілді», - деп мәлімдеді ОСК мүшесі Ихданов.

ОСК-ға кандидатты тіркеу үшін келесі құжаттар ұсынылған:

- Президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбековтің кірістері мен мүлкі туралы декларация жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
- кандидатты тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының азаматтардың президенттікке кандидат Рахымбековті қолдап жиналған қолдарын тексерудің нәтижелері туралы хаттамалары.

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес кандидат Рахымбековті қолдап, 122309 азаматтық қол жиналды, оның ішінде рас деп танылғаны – 120754. 2019 жылы 15 сәуірдегі №13/237 ОСК қаулысымен анықталған ҚР президенттігіне кандидатты қолдап жиналған рас қолдардың қажетті саны 118 140-тан кем болмауы тиіс», - деді Ихданов.

Ол Төлеутай Рахымбековті президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін барлық тиісті құжат ОСК-ға ұсынылғанын және қойылған талаптарға толығымен сәйкес екенін атап өтті. ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркеу үшін «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңының 59-бабы, 5-тармағында көзделген құжаттардың ұсынылғаны туралы ҚР ОСК хаттамасы негізінде ОСК қаулысымен Рахымбековті 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлануына кандидат ретінде тіркеп, кандидатқа тиісті куәлік берілді. Кандидатқа «Халық жинақ банкіне» арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелу туралы мәліметтер беріледі. БАҚ-қа кандидат Рахымбековті тіркеу туралы ақпараттық хабарламаны жариялау белгіленді.

Отырыс соңында ОСК төрағасы Берік Мәжитов өз қолымен кандидатқа тиісті куәлікті табыстады.