​Президент шыршасы: Ақтөбелік бүлдіршіндерге ноутбук, телефон, домбыра тарту етілді

0
2 264

Балалар бір ай бұрын Аяз атаға хат жазып, қалаған сыйлығы туралы айтып берді.


​Президент шыршасы: Ақтөбелік бүлдіршіндерге ноутбук, телефон, домбыра тарту етілді

ERNUR.KZ. Президент шыршасына қатысқан ақтөбелік оқушылар сұраған сыйлығын алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Оларға телефон мен теледидар, велосипед, компьютер мен планшет, домбыра, кітап берілді. Ақтөбеде "Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!" атты жаңа жылдық кеш өтті. Президент шыршасына барлық аудан, ауылдан 202 бала қатысты. Оқуда үздік, алғыр, ерекше күтімді қажет ететін балалар шырша жанында асыр сап ойнап, ән айтты.

"Балалар бір ай бұрын Аяз атаға хат жазып, қалаған сыйлығы туралы айтып берді. Оқушылар теледидар, компьютер, телефон, фотоаппарат сұрады. Барлығы да кітап алуды қалады. Қыздарымыз тігін машинасын сұрады. Дарынды балалар мектеп-интернатының оқушысы Мейрамбек, Байғанин ауданынан Кәрім шебердің қолынан шыққан домбыра қалады. Армандар орындалды. Астаналық шеберлер қызыл ағаштан жасаған домбыраны беріп жіберді", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

"Алиса ғажайыптар елінде" театрландырылған көріністі тамашалаған балалар Президент құттықтауын тыңдады.

"Бұл өздеріңді жаңа күнге жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекелік басқосуды балалар асыға күтеді. Шырша тойында балалардың қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлығын жасаймыз. Саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылған жөн. Балдәурен балалық бақытты шаққа бөлене беріңдер! Жаңа жыл құтты болсын!" - деді Преизент өз құттықтауында.

Президент шыршасы кезінде балалар сыйлықты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан алды.

"Спортпен, өнермен айналысуға бар мүмкіндігі болсын деп балаларға барлық жағдай жасалып жатыр. Балабақша, мектеп, спорт алаңдары, өнер орталығы мен ІТ сыныптар сіздер үшін ашылды. Жақсы оқып, спортпен, өнермен айналысып, өз қатарыңнан, құрбыларыңнан қалмау керек", - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбелік оқушылар бар ойын жиып, хат жазды. Мәселен, Әйтеке би ауданы, Аралтөбе ауылындағы мектеп оқушысы Біржан Жастілек денсаулығына байланысты үйде оқиды. Ол бүгін ноутбук алды. Ал Ерсұлтан Бөлекбаев ұялы телефонға ие болды. Әйтеке би ауданындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп оқушысы Айгерім Каркулова Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын сұрады.

"Мен ақынның өлеңдерін сүйіп оқимын. Мүмкіндік туған кезде өлеңдер жинағын сұрадым. Өзім де өлең шығарғанды ұнатамын. Қол сағатын да сыйға алдым", - деді Айгерім Каркулова.

Байғанин ауданынан келген Кәрім Қошановқа домбыра тарту етілді. Есту қабілеті нашар бала өнерге жақын, қатарының алды. Ал Алғадан келген 8-сынып оқушысы Сандуғаш Есіркепова фотоаппаратқа ие болды.