Президент сот жүйесін жабық корпорацияға теңеді

0
2 246

​Жоғарғы сот төрағасының өзі тікелей күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар, деді Тоқаев.


Президент сот жүйесін жабық корпорацияға теңеді

ERNUR.KZ. Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылған парламенттің алғашқы сессиясында айтты, деп жазады sputnik.kz.

Тоқаевтың айтуынша, азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, мемлекет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамымайды.

"Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек. Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының өзі тікелей күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс", - деді президент.

Мемлекет басшысы сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқықтанушы мамандарды тарту қажеттігін ерекше атап өтті. Ал үміткерлерді іріктегенде олардың кәсіби тәжірибесін ғана емес, жеке қасиеттерін де ескерген абзал.

"Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ, сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн", - деп атап өтті Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажеттігін жеткізді. Мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынастың сервистік моделі енгізілуі шарт.