Президент тапсырмасы: Жол құрылысына жауапты бірнеше шенді қызметінен босатылды

0
643

Үш облыс әкімінің орынбасарлары қызметінен кетті.


Президент тапсырмасы: Жол құрылысына жауапты бірнеше шенді қызметінен босатылды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жол құрылысы жұмыстарына жауапсыз қараған бірнеше шенділер қызметінен босатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды", - деп жазды Берік Уәли.

«Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр», - деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.

Еске салайық, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және жергілікті жолдардың сапасына байланысты мәселе көтерді. Президенттің сынынан соң «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.