Президент жаппай тәртіпсіздіктер басталғанда Назарбаевпен не туралы сөйлескенін айтты

0
603

Президент Елбасы екеуінің арасында ешқандай сауда болмағанын, жеке артықшылықтар беру мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді.


Президент жаппай тәртіпсіздіктер басталғанда Назарбаевпен не туралы сөйлескенін айтты

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың басындағы оқиғалар кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен не туралы сөйлескенін айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Ол кезде арамызда ешқандай сауда болған жоқ. Жеке артықшылықтарды беру жағын да талқылаған жоқпыз. Бір рет қана сөйлестік. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының мәртебесі туралы сөз болды. Жағдай ушығып кеткенде мен халқымызға үндеу жариялап, сол уақыттан бастап Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенімді мәлімдеймін дедім. Ашығын айту керек, осы мәселені жүгіріп жүріп шештік", - деді Тоқаев "Хабар" арнасына берген сұхбатында.

Осы орайда мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде Елбасы туралы айтқан сөзін еске салды.

"Сол жерде мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөліне баға бердім. Ол объективті баға деп ойлаймын. Болашақта адамдар осы сипаттаманы негізге алады деп сенемін", - деп түйіндеді Тоқаев.