Президенттікке кандидаттар арасында ашық телепікірталас өтуі мүмкін

0
1 089

Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтауда.


Президенттікке кандидаттар арасында ашық телепікірталас өтуі мүмкін

ERNUR.KZ. ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидаттар арасында теледидардан ашық пікірталас өткізу мүмкіншілігін қарастырып жатыр.Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтауда», - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең шарттарына кепілдік береді. Ол үшін «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына және ҚР ОСК-ның қаулысымен бекітілген Күнтізбелік жоспардың 7-тармағына сәйкес эфир мен баспасөз алаңын беру мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер тиісті бұқаралық ақпарат құралымен 2019 жылғы 5 мамырда сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей хабарландырылуы және жариялануы тиіс. Сондай-ақ ОСК-ға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынылуы қажет. Қазіргі уақытта ОСК-ға БАҚ-тан 139 ақпараттық хабар келіп түсті, барлық хабарлар ОСК сайтында орналастырылған.

«Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспа алаңын беру туралы шарттың талаптары қандай да бір кандидатқа, саяси партияға басымдық туғызбауы тиіс. Кандидаттардың біріне берілген эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру өзге де кандидаттарға эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру болып табылады. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуінің кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда жеребе бойынша белгіленеді», - деді К.Петров.

Оның сөзіне қарағанда, кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті бар мерзімді баспасөз басылымдарының, теле-радиохабарлардың барлық жарияланымдары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Президенттікке кандидаттар бұқаралық ақпарат құралдарына үгіт материалдарын ұсынған кезде олардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге қажет.