Психоаналитик Аяжан Еділованы айуандықпен өлтіруге не себеп болғанын айтты

0
2 004

Қазақстандық танымал психоаналитик Анна Құдиярова алматылық Аяжан Еділованы өлтірді деген күдіктінің әрекетіне түсініктеме берді.


Психоаналитик Аяжан Еділованы айуандықпен өлтіруге не себеп болғанын айтты

ERNUR.KZ. 19 жастағы Аяжан Еділованы өлтірді деген күдікке ілінген жігіт психикалық ауытқуға ұшырап, қоршаған ортаға шебер бейімделген болуы мүмкін, деп жазады sputnik.kz.

Алматы тұрғыны Аяжан Еділованың өліміне қатысты жантүршігерлік фактілер қоғамды есеңгіретіп тастады. Жәбірленушінің тырнақтарын жұлып, басын кескен және мәйітті мүшелеп тастаған күдіктінің мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын арнайы білімі жоқ қарапайым адамның түсінуі екіталай. Осыған орай Психоанализ институтының директоры Анна Құдияровадан аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.

Өткен өміріне көз жүгірту керек

Анна Құдиярованың айтуынша, ең алдымен адамның бойындағы қатыгездік пен агрессия көзін өткен өмірден іздеу керек. Яғни балалық шақтан.

"Бұл ең алдымен баяғыдан бері оның бойында бар психикалық ауытқулардың салдары деп ойлаймын. Күдіктінің ол ауытқуларға уақыт өте келе бейімделуге, олардан қорғануға күші жеткен. Яғни ол көпшілік ортада өзін басқа, жалғыз қалғанда тіпті басқаша ұстанған. Мысалы біз тазалық пен әділдіктің символы ретінде қабылдайтын дін қызметкерлерінің саунада көңіл көтергені немесе басқа да күнә істермен айналысқаны бірнеше рет әшкере болды. Егер психиканы процент жүзінде қарастырсақ, онда адам 90%-ке сау болуы және қоғамда қалыпты жүріп-тұруы мүмкін. Бірақ 10% ауытқуы да анықталуы ықтимал", - деді Анна Мергенбайқызы.

Күдіктіні мұндай қылмысқа не итермелегенін анықтау үшін сот-психикалық сараптама жүргізетін тергеушілер де, сарапшылар да ең алдымен оның генетикасын зерттеуі керек. Тек физиологиялық, биологиялық емес, эмоциялық және психологиялық генетиканы да ескерген жөн. Қарапайым тілмен айтсақ, жас жігіттің отбасындағы қарым-қатынасты, бес-алты жасына дейін қандай жағдайда тәрбиеленгенін, бала кезде қандай да бір зақым алған ба, жоқ па, осыны анықтау керек.

"Мысалы Билл Гейтс немесе Илон Маскты алайық. Олар мектепте "аластатылған" оқушылар қатарында болған. Билл Гейтс тым арық, беті безеу болғанына байланысты қыздарға ұнамаған, ұл балалардан тепкі көріп өскен. Бірақ ол басқа бағытқа күш салып, өзінің жетістігімен басқаларды шаң қаптырды. Міне, біздің күдіктіні де "аластатылған" деп қарастыруға болады. Бірақ ол тым басқа жолды таңдады. Мен оның өзімен жеке сөйлескен жоқпын. Оның бойында "Герострат атақ құмарлығы" болуы мүмкін. Бұл нарциссизм іспеттес. Ол өз есімінің танымал болуын қалағын секілді. Қазір ол жайлы бүкіл ел, бүкіл қала айтып жатыр", - деп санайды Анна Құдиярова.

Жағымсыз ықпал

Психоаналитиктің пікірінше, жасырын психикалық ауытқуы бар адамдардың қатыгездік танытуына жағымсыз ақпараттың, соның ішінде қазір кез келген адам үшін қолжетімді әлеуметтік желі арқылы таралатын мәліметтің ықпалы үлкен.

"Психикасында проблемасы бар, тәуелді адамдарға мұндай негатив әсер етпей қоймайды. Шалтай-Болтай секілді теңселіп жүрген адам желдің үп еткенінен-ақ құлап қалуы мүмкін. Ал аяғымен нық тұрғандар боран соқса да дес бермейді", - дейді Анна Құдиярова.

Оның айтуынша, психопатология деген ұғым баяғыдан бері бар. Тек ақпаратты жылдам тарататын әлеуметтік желі секілді құралдар жоқ кезде мұндай фактілер жасырын болатын. Анда-санда ғана Чикатило және тағы басқа маньяктардың қылмыстары қоғамда таралып жатты.

Анна Мергенбайқызы бұл проблеманы түбегейлі жою мүмкін болмаса да, оны айтарлықтай төмендету қолдан келетін іс екеніне сенімді.

"Мен ел президенті немесе білім министрі болсам, балабақшадан бастап бүкіл халықты психологиялық тренингтермен қамтитын едім дегенді жиі айтамын. Бүлдіршін балабақшаға екі жасында келеді. Сол кезден-ақ адамның психологиясына ықпал етуге болады. Одан кейін – мектеп. Алайда ол үшін біздің педагогтар мен ата-аналардың біліктілігі жоғары болуы керек", - деді психоанализ институтының директоры.

Құрбан болмас үшін нені білу қажет

Алматының 19 жастағы тұрғыны Аяжан Еділоваға қатысты қайғылы жағдайды мысал ете отырып, Анна Құдиярова қыздың қылмыскердің құрбанына айналуына себеп болған басты қателікті атады. Психоаналитиктің пікірінше, Аяжан қайғылы оқиға болатын күні қырағылықты жоғалтып алған. Оған жеке өмірінде немесе отбасындағы проблемалар ықпал етуі мүмкін. Әйтпесе ол бір кездескеннен-ақ бейтаныс ер адамның пәтеріне бармас еді.

"Иә, қазір технология дамыған, қыз-келіншектер арнайы сайттар арқылы танысады. Алайда олар ең бірінші кездесу күндіз және қоғамдық орында өтуін талап етуі керек. Ал Аяжан бірден оның пәтеріне барған. Оның ата-анасы мен туыстары реніш білдіруі мүмкін. Бірақ ол бойжеткеннің ішкі жан дүниесінде не болып жатты деген сұрақты қояр едім. Неге ол өзімен бірге ешкімді ертіп бармаған? Неге ешкімге ескертпеген? Құрбылары қайда? Ол ер адаммен бірінші рет кездесуге бара жатыр емес пе?", - деп талдау жасады Анна Құдиярова.

Психоаналитиктің пікірінше, әлеуметтік желі, арнайы сайттар арқылы танысу қалыпты құбылыс. Әсіресе бетпе-бет кездесіп сөйлесуге тыйым салынған қазіргі пандемия жағдайында мұндай таныстықта тұрған ештеңе жоқ. Бірақ сақтықты да естен шығармаған жөн. Әлемде ақ пен қара бірдей жүреді, деп еске салды Анна Құдиярова.

Құдиярованың айтуынша, әйелдер үшін мұндай сақтық шаралары ақылға қонымды. Бейтаныс ер адаммен уақыт өткізу және ол жағдайды психоаналитигімен талқылау арқылы қыз-келіншектер алдында тұрған азаматты жақсы тани бастайды.

"Қазір көп адам психикалық ауытқуға ұшыраған. Сырт келбетке сенбеу керек. Сондықтан мұндай мәселеге әркез сараланған түрде талдау жүргізу керек", - деді Анна Құдиярова.