«Qазақстандық» атты кітап жарыққа шықты

0
1 209

​Автор Тинкай Кретова бұл туындыны еліне арнап отырғанын айтады.​


«Qазақстандық» атты кітап жарыққа шықты

ERNUR.KZ. Елордадағы Назарбаев орталығында Тұңғыш Президент Қорының лауреаты Тинкай Кретованың "Qазақстандық" (Qазахстанец) кітабының тұсауы кесілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Еңбектің авторы жазушы, түркі халықтарының рухани мәдениетін зерттеуші, саяхатшы, республикалық әдеби сыйлықтарының лауреаты - Тинкай Кретова. Автор бұл туындыны еліне арнап отырғанын айтады. Оған түрлі адамдардың тағдыры арқау болып, Қазақстанның бай да әсем табиғаты да қамтылған. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының "Киелі Қазақстан" зерттеу экспедициясы барысында жазылған очерктер енгізілген. Кітапты жарыққа шығару үшін Тинкай Қазақстанның өңір-өңіріне саяхат жасаған.

"Шама-шарқымша көшпелі мәдениетті зерттеуге бет бұрған адаммын. Қазақстан мен оның тарихы, мәдениеті мен табиғатының қыр-сыры туралы бәрін білдім, толдым дегім келмейді. Бәлкім, кітабымға барынша патриоттық сипат беруге тырысқандықтан болар, біреулер оқығысы келмеуі де мүмкін. Себебі, қазір әркімнің өз ұстанымдары бар. Міне, сол себепті, барынша прагматикалық көзқарастағы адамдармен ортақ тіл табысу керек деген ойды жеткізгім келеді. Дәл осы "Qазақстандық" кітабым - ортақ үйлесімді іздеу үшін жазылған шығарма", - деді Тинкай Кретова.

Тұсаукесер рәсіміне қоғамдық қайраткерлер, жас жазушылар және студент жастар қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан бойынша жасалған фотосуреттер мен бейнетүсірілімдер көрсетілді. Сонымен қатар автордың кітаптары және Тұңғыш Президент Қоры шығарған "Алтын тобылғы" әдеби жинағы ұтысқа салынды. Айта кетерлігі, бұған дейін Тинкай Кретова "Қазтабан" повесі үшін Тұңғыш Президент Қорының "Алтын Тобылғы - 2016" әдеби сыйлығына ие болған еді.